"Балаларымыз далада қалып қойып жүр": Қызылордалықтарды қоғамдық көлік мәселесі алаңдатып отыр

331

Қызылорда қаласының тұрғындары қаладағы қоғамдық көлік мәселесін айтып шағымдануда,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.


Қызылорда қаласында жолаушыларға қоғамдық көлік қызметін негізінен "Қызылорда автобус паркі" мекемесі жүзеге асырады. Мұнан бөлек, түрлі бағыттарға шығып жүрген жеке микроавтобустар да бар. Облыс орталығының территориясы уақыт өткен сайын кеңейіп келеді. Сәйкесінше, қарапайым халықтың қоғамдық көлікке деген сұранысы артуда.

Қызылордалық Гүлмира Әбенова – үш баланың анасы. Үлкен екі баласы мектепке барады. Сабақтары түстен кейін басталады. Кеш түсе ана мазасының қашатынын айтады. Осы уақытқа дейін балалары қоғамдық көлік болмай, далада қалып қойған кездері болған екен.


"Сағат 18:00-ден кейін қоғамдық көліктің жүруі қиын. Жүрген күннің өзінде оқушылар сыймай қалады. Қазір қыс, балаларымыз үшін алаңдаймыз. Телефонмен сөйлесіп отырамыз, кейбір кезде таксиден күтіп аламыз. Осы қоғамдық көлік мәселесі қашан оңтайлы шешілетінін білмейміз. Бұл проблема әбден жауыр болды", - дейді қызылордалық ана.


"Таңертең жұмысқа кешігіп барамыз. Мен қалаға қарасты "Наурыз" мөлтек ауданында тұрамын. 28-бағыттағы қоғамдық көлікпен облыс орталығына қатынаймын, бұл жалғыз маршрут. Кей-кезде сыймай қаламыз. Амал жоқ, таксиге мінуге мәжбүр боламыз, оның құны да қымбаттап барады. Жалпы соңғы уақытта қалада қоғамдық көлік саны азайып кеткені байқалады. Аялдамада ұзақ тұрып қаламыз", – дейді тағы бір қала тұрғыны Қуаныш Манатбай.


Осыдан бірнеше жыл бұрын "Қызылорда автобус паркі" мекемесі құрылған болатын. Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы жаңа автобустар алынған. Алайда бұл жағдай қоғамдық көлік проблемасын түбегейлі шешуге мүмкіндік берген жоқ. Есесіне, жол ақысы қымбаттап, халықтың ашуын тудырды. Бүгінде Қызылордада қоғамдық көлік қызметінің құны - 90 теңгені құрайды.


Жағдайды толығырақ білу мақсатында "Қызылорда автобус паркі" мекемесінің басшысына хабарласқан едік. Алайда парк директоры қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты. Ал қала әкімдігі проблеманың бар екенін жасырмайды.


"Еуропалық қайта құру және даму банкінен алған несиеге 112 дана автобус алынған. Қазіргі таңда бағытқа 55 дана автобус шығып қызмет көрсетеді, 48 автобус терең күрделі жөңдеуде тұр. Тағы 18 техниканың қозғалтқышына күрделі жөңдеу қажет. Сонымен қатар, күнделікті жөңдеуде тұрған 18 автобус бар. Автопарктің бүгінгі күнге қаржылық жағдайы төмендеуіне байланысты, оның үстіне қосалқы бөлшектер шет мемлекеттен алынатын болғандықтан қосалқы бөлшектер уақытында жеткізілмей, автобустардың бағытқа қосу жұмыстары кешіктірілуде. Қазіргі таңда мәселенің шешілуі облыстық бюджеттен жолаушыларға тасымалдауға кеткен шығының жабу мақсатында субсидиялау бойынша қажетті шаралар қабылданып жатыр", –деп мәлімдеді Қызылорда қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекші маманы Мейірхан Бахытжанұлы.