Әйелге пышақпен шабуылдаған ер адам ауыл тұрғындарын қорқынышта ұстап отыр

327
Солтүстік Қазақстан облысындағы Саумакөл ауылының тұрғындары қорқынышта өмір сүруге мәжбүр. Олар екі әйелді ұрып-соққан ер адамнан өздерін қорғауды сұрайды. Құрбандарының біріне пышақпен шабуылдаған азамат тек 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.
 Ер адамды қамауда ұстау мерзімі жақын арада аяқталады. Сол себепті, жергілікті тұрғындар көшеге шығуға қорқатындарын айтып, дабыл қақты. Олар ер адамның келесі шабуылы өліммен аяқталуы мүмкін екенін айтып, биліктен оларды қорғауды сұрауда. 

Зардап шеккендердің бірі Татьяна Дзекелева жергілікті дүкенде сатушы болып жұмыс істейді. Әйелдің айтуынша, бір күні кешке мас ауыл тұрғыны келіп, одан тағамды тегін беруін талап еткен.
 

Сатушы әйелдің айтуынша, ол тамақты тегін беруден бас тартқаннан кейін, ер адам жұмыс күнінің аяқталуына дейін күтіп, әйелді торуылдап, үйдің подьезінде оған шабуыл жасаған. 
"Ол дүкеннен шыққанымда, менің артымнан еріп, үйімнің подьезіне дейін келді, подьезде ол мені қатты ұрды, мен құлап түстім, ол мені одан әрі ұра бастады. Ол менің ернімді қанатып тастады, басым, денем және бетім көгеріп, қанаталап қалды. Мені жедел жәрдем алып кетіп, рентгенге түсірді және 6 жерден тікті", - деді Дзекелева.

Телеарнаның хабарлауынша, сол күні кешкісін тағы бір жергілікті әйел азаматтың қолынан жарақат алған, ол оның тамағына пышақ тақап, әйелді соққыға жығыпты.

"Ол менің аузым мен мұрнымды екі қолымен жауып, тұншықтыра бастады. Басымнан, содан кейін жағымнан ұрғаннан кейін, қатты соққыдан құлап түстім. Ол менің үстімнен қарап тұрғанда бет-жүзін көрдім, сол сәтте ол менің көзіме жұдырығымен соққы жасады, соққыдан көрмей қалдым. Неге біз қорқынышпен өмір сүруіміз керек, барлық әйелдер мен балалар қорқады. Ол босатылады, содан кейін не болатынын білмейміз, бұл адамның ойында не барын кім біледі?" - дейді жәбірленуші Любовь Товстик журналистерге. 

Зардап шегушілер полицияға арыз жазған, бірақ ол жерде тек әкімшілік іс қозғалыпты. "Жинақталған материалдар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабының 1-бөлігі "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" дерегі бойынша және 434-бап "Ұсақ бұзақылық" дерегі бойынша сотқа жіберілді", - деді Айыртау ауданы жергілікті полицей қызметі полиция бөлімінің басшысы Бақытжан Жантілеуов. 

Сот әйелдерді ұрғаны үшін ер адамды 20 тәулікке қамауға алу туралы шешім қабылдады. Жәбірленушілердің денсаулығына жеңіл зиян келтірілгендіктен, осындай жаза қолдану ұйғарылыпты. 

Тұрғындар болса, ер адамның бұған дейін сексуалдық зорлық жасағаны үшін істі болып үлгергенін айтып, өз өмірлері үшін қорқып отырғандарын жасырмауда. 

Ал тәртіп сақшылары бұзақы бостандыққа шыққаннан кейін оны жіті бақылап жүретіндеріне сендірді.