Ауыл шаруашылығы министрлігі Министрлер үйіне көшу үшін 3,5 миллиард теңге қаржы жұмсамақ

253

Ауыл шаруашылығы министрлігі оң жағалауда орналасқан ғимараттан Министрлер үйіне көшеді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.


Ведомствоның тұрғылықты жерін ауыстыруға 3,5 млрд теңге қаржы жұмсалмақ. Қаражатты республика үкіметі бөлетін болады. 

Министрдің айтуынша, бұндай шешім министрліктің басқа ведомстволарға жақын болу үшін қабылданған.

"Барлық министрліктер сол жағалауда Министрліктер үйінің ғимаратында орналасқан. Өкінішке орай, бізде ол жаққа көшуге мүмкіндігіміз болмады. Біз тек қаражат іздедік, үкіметке рахмет. Біз министрліктер үйінің үшінші кіреберісіне көшетін боламыз. Әрине, бізге қаланың басқа ауданында алыстау жерде отыруға болар еді. Бірақ та бізге дәстүрлі түрде барлық министрліктер отырған жақын жерде жұмыс істеген жөн деп ойлаймын. Бұл өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмысына да оңтайлы әсер етеді", – деді министр.

Журналистер “Ел өңірлеріндегі фермерлер өткен жазда шөптің қымбаттауы мен құрғақшылыққа байланысты біраз қиындықтарға тап болды. Соған қарамастан неге бұндай бастамаға қомақты қаржы жұмсалмақ” деп сұрақ қойды. 

"Негізінде, барлық қажетті рәсімдер орындалды. Мен қазір егжей-тегжейлі есімде жоқ, Қосымша шешім қалай қабылданғанда біз барлық ақпаратты береміз. Әрине, біз басқа ғимаратқа көшер едік, бірақ қалған ведомстволардың жанында отырғанымыз дұрыс", – деп толықтырды Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы.

Оның айтуынша, көшіру іс-шараларын қаржыландыру басқа бағдарламаларды жүзеге асыруға ықпал етпейтін болады.

"Бұл қаражат басқа бағдарламалар бойынша бағытталады және ауыл шаруашылығын, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қаржыландыру бағдарламаларына ықпал етпейді", - деді министр тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Бұған дейін Маңғыстау облысының фермерлері Ербол Қарашөкеевтен отставкаға кетуді және кәсіби басшыға орын беруді талап еткен болатын. Өйткені құрғақ жаздан кейінгі күрделі жағдай әлі де жақсармай тұр. Шаруалар қалған малдарын азықтандыратын ешнәрсе жоқ екенін айтып, наразылық білдірді.