"Жапа шеккің келмесе, полицейді бер": Алматылық фельдшер заң қызметкерлерін бүлікшілерден қалай қорғағанын айтты
396
Алматылық медицина саласының қызметкерлері – бүгінгі күннің нағыз батырлары. Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде олар өз өмірлерін қауіпке тігіп, өзгелердің өмірін құтқаруға асықты. 7-ші аурухананың дәрігерлерін террористер кепілге алса, қаланың екінші аймағында жедел жәрдем қызметіне кедергі келтірді. Оларға тас лақтырды, балта алып жүгірді. Қарақшылар олардан жараланған полицейлерді беруді талап еткен,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде жедел жәрдем қызметіне жасалған шабуылдар саны 12 деп тіркелді. Көліктердің бірінде 22 жастағы фельдшер Серғазы Абылаев болған. Ол әріптестерімен бірге Республика алаңына, науқас шақырған жерге қарай беттеген. Айтуынша, кешкі 10-нан кейін олар оқ тиген полицейлерді ауруханаға жеткізе бастаған. Митингіге қатысушылар олардың жұмысына барынша кедергі келтіруге тырысқан.
"Олар біздің соңымыздан еріп, көлікті каскамен, сойылмен соға бастады, әйнекті сындырды. "Жапа шеккілерің келмесе, беріңдер", "Полицейді бер, сонда саған тиіспейміз" деп қоқан-лоқы көрсетті. Бірақ біз бермедік. Парыздың аты парыз. Көмек көрсеттік. Жедел жәрдем көлігінің артқы есігін ашып, граната лақтырдық. Біріншісі түтіндік граната болды", – дейді Серғазы Аблаев.
Тәртіпсіздік қатысушылары жалпы 32 жедел жәрдем көлігін зақымдаған. Шабуыл кезінде үш фельдшер мен екі жүргізуші жапа шеккен. Террористер шерушілерді Алматының бас көшелеріне жеткізу үшін кареталарды алуға тырысқан. Ал қаланың екінші бөлігінде 500-ге жуық адам 7-ші қалалық ауруханада қоршауда қалған.
Дәрігерлердің болжамынша, оларды кепіл ретінде алған.
"Атыс болған сәтте де біз өз жұмысымызды жалғастырдық. Өйткені тырыстық. Ташкентская (қазіргі Райымбек – ред.) көшесіне терезесі қарайтын науқастардың бәрін басқа бөлікке ауыстырдық. Қол, аяқ, іш, бел, түрлі дене жарақаттарымен келіп жатты. Тіпті көзінен, миынан жарақат алғандар бар. Олар қазақша да, орысша да сөйлеген жоқ. Бейтаныс тілде шүлдірледі. Қолдарынан рация көрдік", – дейді №7 аурухананың бөлім меңгерушісі Есенай Еспенбетов.
Ауруханаға 13 жаралы террористің түскені белгілі. Олардың бірі көз жұмса, қалғандарын қарулы күштер алып кетті. Ауруханаға кіретін-шығатын есіктер толығымен бұғатталған. Қызметкерлер тек үшінші тәулікте сыртқа шығуға мүмкіндік алды.