"Көрінгеннің бәрі кіріп жатыр": Алматылық саудагерлер тонаушылық әрекеттер жалғасып жатқанын айтып шағымданды
322
Алматыда 60-қа жуық жеке кәсіпкер тауарлары қойылған сауда үйі әлі күнге дейін тоналып жатыр деп дабыл қағуда,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп.
Шығын көлемі 500 мыңнан басталып, 15 миллион теңгеге дейін жетеді деген олар, айналдырған 3 күзетші ғимаратты қорғай алмайды дейді."Мобилка" сауда үйі қаңтардың 5-нен 6-сына қараған түні жаппай тәртіпсіздік кезінде тоналған нысандардың бірі. Алайда белгісіз біреулер әлі де келіп, телефондар мен басқа да заттарды алып кетіп жатыр екен.
“Екі-үш күннен кейін әдейі звондадым түнде охранаға. Тыныштық па не болып жатыр деп. Маған телефонды битіп қойып естіртті шуды естідім. Естіп тұрсың ба? Деді. Уже адамдар кім көрінгеннің бәрі кіріп жатыр. Күндіз де түнде де. Біз бармаймыз. Біздің басымыздан бір ұрады”, – деді жеке кәсіпкер Сандуғаш Молдаханова.
Жаңа жылдың алдында тауарларымызды кредит алып толықтырып едік, соның бәрін ұрлап кетті деген кәсіпкерлерге келген шығын 500 мыңнан басталып, 15 миллион теңгеге дейін жетеді екен. Уақыт өткен сайын тоналып жатқандықтан залал көлемі бұдан да көп болады дейді бизнесмендер.
“Тиіспей отырдық қой. Бірақ та бүгінгі келгенмен салыстыруға келмейді. Өйткені сындырған, жартысын алып кеткен, демек әлі тоқтаған жоқ. Күзетшілерден қазір сұраңыз, үш күн бойы бізде әлі тонаушылық жалғасып жатыр”, – дейді тағы бір жеке кәсіпкер Гүлайым Исаева.
Бұзақылар мына сағат сататын дүкеннің ішін толықтай тазартып кетті десек те болады. Қалтаға сыймағандарын дәл осылай жерге құлатып, сындырып, қалдырып кеткен. Ең ауыры - дүкені тоналды дегенді естіген иесінің жүрегі нашарлап, қазір ауруханада жатыр екен.
Алматыны лаңкестерден тазартып жатырмыз деген полицейер, бүгін тағы бір тонаушылар тобын құрықтады. Қала орталығында күндізгі уақытта 21 мен 27 жас аралығындағы бес адам ұсталған. Олардың екеуі - қыздар.
Қолға түскендердің жалдамалы пәтерінен синтетикалық есірткі заты, сондай-ақ, цифрлық құрал-жабдықтар табылып тәркіленді. Сонымен қатар, компьютерлердің екі процессоры мен мониторы, ноутбуктар, теледидарлар, проекторлар, пернетақталар, виртуалды ойындарға арналған дулыға және әскерилендірілген оқ-дәрілер табылған. Күдіктілер қамауға алынды.