Еліміз 10 820 жылдан соң дамиды - Шымкент әкімі орынбасарының болжамы
527
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан Қазақстан қабілеті зор дамыған елдер қатарына қашан қосылатынын мәлімдеді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы Шыңғыс Мұқан өзінің Instagram парақшасында жазды.
...Саясатты жүргізуге қабілетті және қабілетсіз мемлекеттер бар. Жалпы, әлемде саясат біреу: халықтың қамы. Алайда, сол саясатты жүргізуде кейбір мемлекеттердің қабілеттері өзгелерден қарағанда жоғары,—деп жазды шенеунік.
Оның мәліметінше, адамдардың қабілетін өлшейтін құрал жоқ болғанымен, мемлекеттердің қабілетін өлшейтін индекс бар.
"Сол индексті ойлап тапқандардың бірі Мэтт Эндриюстен сабақ алдым. Бір топ ғалым 2016 жылы "Ұлттық тұралау: Мемлекеттердің саясатты іске асыру қабілеті" (The Big Stuck in State Capability for Policy Implementation) атты мақала жазып, 102 дамушы елді салыстырады. Оның ішінде Қазақстан да бар... Қабілетті елдер деп ескі OECD ұйымына (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы: ред) кіретін дамыған елдерді алады", —делінген жазбада.
Бұл индекс дамушы елдер қабілетінің өсу динамикасын есептеп, олардың қабілеті зор елдер қатарына қай уақытта қосылатынын шығарады екен.
"Есепке ілінген кезеңдегі екпінмен дамысақ, Қазақстан 10 820 жылдан соң қабілеті зор дамыған елдер қатарына қосылады екен. Бұл 2016 жылғы есеп. Қазақстанның 2012 жылға дейінгі аталған индикаторлар бойынша даму екпінін өлшеген. Одан бері біраз өзгерді десек, бұдан кейін де біраз өзгеріс болады деп ойлаймыз. Әрине, бұл таза арифметика, дегенмен ойландырады", — деп жазды Шымкент әкімінің бірінші орынбасары.
Жазбаны оқығандар келтірілген бұл дерекке таңданыстарын жасырмады.
"Өте керемет, бірақ ол кезде біз болмаймыз", "Ойпырмай, ағам қатты кетті-ау... Айтарға сөз жоқ. Цой айналайын болды ғой", "Мәссаған! Сонда еліміз 10 820 жылдан кейін дамыған елдер қатарына қосылады.... Сенбейін десем, жетесіз жемқорларға құдай қанағат бермесе сенбеске амалым жоқ", "Дамыған елге айналу үшін әділ адамдар билікте отыруы керек. Біздің әкімдіктегілер ұқсап "қарға қарғаның көзін шоқымайды" деп өтірік істеп отырса, ешқашан дамымайды", —деп жазды желі қолданушылары.