Бір қабір орнына қатысты екі отбасы арасында дау туындады
Қарағанды облысында екі отбасы бір қабірдің кімге тиесілі екенін анықтай алмай, дауды сотта шешіп жатыр,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Марқұмдар бір апта айырмашылықпен жерленгенімен, кейін қабірдің үстіне бөтен адамның қоршауы мен құлпытасы қойылғаны белгілі болған.
Қарағанды қаласының тұрғыны Айгүл Жамиленова анасы 2024 жылдың қарашасында Бұқар жырау ауданы Кұрылыс ауылындағы мұсылман зиратына жерленгенін айтады. Қабір орнын зират қараушысы жеке кәсіпкер көрсетіп, қазу және абаттандыру жұмысына 160 мың теңге алған.
Жазда Айгүл күйеуімен бірге мазар тұрғызуға барған кезде, өздері жерлеген орынның үстінде бөтен адамның қоршауы мен аты-жөні жазылған құлпытас тұрғанын көрген.
Айгүл әлгі адамды тауып, қоршауды алып тастауды талап еткен. Алайда ол бас тартқан және қабірде өзінің туысы жатқанын айтқан. Әйел полицияға арызданғанымен, қылмыстық іс қозғалмаған. Кейін ол Бұқар жырау аудандық сотына жүгініп, қоршауды бұзуды және эксгумация жасауды сұраған. Бірақ сот талапты қанағаттандырмай, эксгумациядан да бас тартқан.
Жеке кәсіпкер Амангелді Жүнісов бір қабірде екі адамның жатуы мүмкін емес екенін айтқан.
Айгүл болса, анасының жерлеуіне 40 адам қатысқанын айтып, қабір орнын бәрі бірдей ұмытып кетуі мүмкін емес дейді. Адвокат Бауыржан Ізделеуов сот шешіміне апелляциялық шағым бергенін айтқан.
Егер апелляциялық сот алғашқы шешімді күшінде қалдырса, қорғаушы қайтадан қылмыстық іс қозғау туралы өтініш бермек. Қажет болса, прокуратураға да жүгінетінін айтқан.







