Қызылордада митингке шыққандарды қолдаған депутат өз үстінен арыз жазған полиция басшысын сотқа беретінін мәлімдеді

999

Қызылордада полицейлер "Қазпочта" АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Аида Әбибуллаеваны әлеуметтік желіде 4 қаңтардағы митингке шығуға шақырғаны туралы айтып, облыс әкімінен депутатты жазалауды сұраған еді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл хабардан кейін депутат Facebook парақшасында пікір білдіріп, өзінің азаматтық көзқарасын білдіргенін жазған. Сонымен қатар ол полиция басшысын сотқа беретінін де мәлімдеді.


Аида Әбибуллаева өз жазбасында мұнай мен газ өндіретін аймақта бағаның негізсіз жоғары болмау керегін айтқанын және газ құнын төмендету жайлы талаптары туралы пікір жазғанын жеткізді. Әрі полиция басшысының хаты өзі үшін де күтпеген хабар болғанын жасырмады. 

"Кешегі әлеуметтік желіде қаламыздағы танымал жерлестерім Ляззат Бақтыбаева мен Үйтолған Жәрекелердің, полиция департаменті басшысы Б.Сұлтанның облыс әкіміне шара көру үшін жолдаған хатын жариялағаны мен үшін де күтпеген ақпарат болды. 

Полиция департаменті басшысы Б.Сұлтан ол хатта менің және Айдын Бөкенбайұлының посттарымыздағы жазған пікірлерімізге өздерінше баға беріп, ауыр сипаттама берді деп есептеймін", - дейді облыстық мәслихат депутаты. 

Аида Әбибуллаева азамат және депутат ретінде өз пікірін білдіргенін айтады. Ол полицейлердің арызын "жұртшылық үнін билікке жеткізу құқығыма жасалған қолсұғушылық" деп бағалады.
 
"Қазір аталған постымда заңсыз әрекеттерге шақырулардың болуы-болмауы бойынша арнайы лингвистикалық сараптама жүргізілуде. Сараптама қорытындысы бойынша хат авторына және тиісті тұлғаларға сот органдарына жүгіну құқығымды пайдаланып, талап арыз жолдайтын боламын", - деп қосты Аида Әбибуллаева.

Ол алдағы уақытта өзінің арызына байланысты істің қаралатынын, нәтижесін желіде жариялайтынын мәлімдеді. 

Дәл осындай айып тағылған Айдын Қайруллаев Facebook-те  Nur Otan партиясының мәлімдемесін жариялады. Мұнда "Партия мүшелерінің жазбаларында "арандатушылық", "азғындық" әрекеттерінің жоқтығы" анықталғаны туралы жазылған. 

"Кешегі әлеуметтік желілердегі жазбалардан кейін желі, телефон арқылы қолдау білдірген жерлестеріме алғысымды білдіремін. Мен халқыма адал қызмет етіп келемін. Алла күш-қуат берсін! Мен әлі де ел бірлігі мен тәуелсіздігін нығайту жолында еңбек етемін! Мен ешқашан да халықты арандатуға, азғыруға жол берген емеспін, оған жол бермеймін де! Аман болайық!", - деп жазды "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы директорының Қызылорда облысы бойынша орынбасары Айдын Қайруллаев.

Айта кетейік, бұған дейін Қызылорда полициясының "Қазпошта" мен "Халыққа қызмет көрсету орталығының" жергілікті басшылығын жазалауды сұрағаны туралы хабарлаған едік.