Көпбалалы ана: «Қос ұлымды талаған итке шара қолданбай отыр»

1 632
Қызылорда қаласындағы Бәйтерек ықшамауданында бір үйдің екі баласын ит талап тастады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Күндізгі уақытта дүкеннен қайтқан ағайынды Али мен Бақдәулетті айдың күні аманда көрші үйдің иті талаған. Анасы Балжан Тойманованың айтуынша, қазіргі таңда балалардың жүріп-тұруы мен өздігінен қимылдауы қиыншылық туғызып отыр. 


«Менің қос ұлымды көрші үйдің иті талап тастады. Құзырлы орындар учаскілік полицейлерден иттің атуын талап етсем, өтінішімді қабылдамай отыр. Ит иесіне 30 мың теңге айыппұл салынды дейді. Маған итке салынған айыппұлдан пайда жоқ. Қос қанатым бірдей майып қылған хайуан атылуы тиіс. Осыған шара қолданылса деймін»,-деді анасы Балжан Тойманова.


Оның сөзінше, мекенжайға қарасты №2 қалалық емхана медбикелерінің қарасы көрінбеген. 

«Бірде-бір рет келмеді, иттен сараптама алу үшін тиісті СЭС мекемесінен де нәтиже болмай отыр»,- деп ашынды көпбалалы ана Балжан Тойманова.

Осы оқиғадан кейін ұлдарының бірі 7 жасар Али жүре алмай төсек тартып жатып қалған. Ал екіншісі 12 жасар Бақдәулет емін-еркін жата алмайды екен. 

«Иттің аузынан көбік шашырап, аузы аппақ болып кеткен. Ырылдап жұлмалай берді. Мен інімді құтқару үшін тарта бастағанымда ит маған қарай ұмтылды. Қарындасым үйге қарай қашып құтылды. Ит бірден тамағыма жабысып алды да тарта берді. Мен қорыққанымнан айқаладым»,-деді үлкен ұл Бақдәулет Серіков.


Екі баласы үйіне таланған күйі қанжоса болып оралғанын көрген Балжан Тойманова шошып кеткен. Ол «ит қапқаннан кейін салынатын екпелердің бірі де салынбады» деп қынжылып отыр.

«Alexey Sultan Akhmet» ЖШС қалалық емханасының қабылдау бөлімі балаларға алғашқы көмекті хирург дәрігер көрсеткенін айтты. 


«Сол күні балалар ашық дене жарақатымен келген болатын. Бүгінде емханада менің көмекшімнің жоқтығына байланысты, травматолог қызметі де менің мойнымда. Мен үлгермеймін. Көмекшілерім де жоқ. Сондықтан мен барып қадағалай алмаймын. Ауруы асқынса, анасы жедел жәрдем шақыртсын. Анасына хабарласып, сәрсенбі күні келсін дегенмін»,-деді хирург дәрігер Асылбек Кеншінбай.

Дәрігердің айтуынша, аймақтық дәрігер мен медбике балалардың итке таланып, жарақаттанғанынан бейхабар. 

Тиісті сала мамандарының айтуынша, ит 10 күн бақылауда болады екен. 

Ал анасы болса балалар белгілі бір уақытқа дейін қадағалауда болып, тиісті дәрі-дәрмектер егілмей ме деп сұрап отыр.

АЙГЕРІМ РАХЫМЖАНҚЫЗЫ