Пробация қызметіндегі погон таққан арулар

439
Өмірін ел тыныштығын қорғауға арнап, жауапкершілігі зор салада ерлермен бірдей қызмет атқаратын нәзік жандылар қатары ішкі істер саласында күн санап артып келеді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Солардың  қатарында Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде мықты, батыл, ер азаматтармен қатар қызмет атқаратын нәзік жанды  арулар аз емес. Әрқайсысы өз саласының майталманы.Бүгінгі әңгіме еткелі отырған нәзік жандылар,  Қызылорда қалалық пробация қызметінің погон таққан арулары.

Қызылорда қалалық пробация қызметінің бастығы әділет майоры Жалғас Есмахановтың айтуынша қалалық пробация қызметінде 22 қызметкер жұмыс жасаса оның он бесі нәзік жандылар. Погон таққан аруларымыз қылмыс әлеміне табаны тиген азаматтарды өмірге қайта бейімдеп,  әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіп, қайта қылмыс жасамауы үшін де профилактикалық жұмыстар жүргізеді .


 Олар жұмыс барысында сотталғандардың іс-құжаттарына байланысты  соттарға қатысады, прокуратура органдарымен байланыс жасайды және жергілікті атқарушы органдармен байланыс жасап қарамағындағы әлеуметтік –құқықтық жұмыстарын шешу үшін жұмыстар атқарады. Ал кешкі уақытта жергілікті прокуратура өкілдерімен, учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, сотталғандардың мекенжайынан тексеріп, туыстарымен, ата- аналарымен сұхбат  жүргізіп, тұрғылықты жерінен шықпау, қылмысқа бармау жөнінде түсіндірме жұмыстар жүргізеді.


 Осындай қызметтің ауырлығына қарамай  адал қызмет ету екінің бірінің қолынан бермейтін іс. Өзі нәзік болса да 10 жылға жуық  ерлермен иық тіресе жұмыс жасап келе жатқан Қызылорда қалалық пробация қызметінің инспекторы әділет капитаны Мөлдір Серікбайқызы. Ол Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің түлегі. Екі жоғары мамандық иесі еңбек жолын Қызылорда қаласындағы тергеу изоляторынан бастаған. Жалындап келген жас маман жұмысқа құлшына кірісті. Өзіне жүктелген қызметті абыроймен атқарып, осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып қызметтік қабілетін шыңдады.  


Тәжірибе жинақтаған жас маман 2014 жылы Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің Байқоңыр қалалық пробация қызметінің инспекторы лауазымына тағайындалады. 


Пробация қызметінде қызмет еткен  8 жыл ішінде ауқымды жұмыстар атқарып, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жаза түріне сотталған азаматтардың қоғамға қайта бейімдеп, психологиялық, құқықтық әлеуетін жетілдіруге зор ықпалын тигізеді. 


«Өйткені бала кезден құқық қорғау қызметкерлерінің ант қабылдап, еліне адал қызмет етіп, батырлығы мен батылдығына қызығып өстім. Содан да болар, осы саланы таңдағаныма өкінбеймін .Бала арманым орындалып, ҚАЖ саласын қиын болса да үйреніп, мінекей капитан шеніне дейін жетіп отырған жайым бар. Отбасыммен қызметімді қатар алып жүрмін. Баламды да тәрбиелеп, үй жұмысына үлгеремін. Жолдасым қызметіме түсіністікпен қарайды»,- деді нәзік жанды әділет капитаны
 
Қиын да қауіпті саладағы қызметімен отбасын қатар алып жүрген әділет капитаны Мөлдірдің  алар асулары әлі алда екеніне сеніміміз мол. 


Қызылорда қалалық пробация қызметінің ең жас қызметкері Мұратқызы Зарина ішкі істер органының қызметкері болуды балалық шағынан армандаған. Өзінен үлкен әпкесінің нысанды киіміне қызығып, форма киіп ішкі істер саласында жұмыс істегім келетін дейді.


2018 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін ҚР ІІМ-нің  Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына оқуға түседі.  Қазіргі таңда  соңғы курсында  қалалық пробация қызметінде Ювенал тобының инспекторы болып практикадан өтеуде.  . Жас маман тәжірибе жинақтап, қызметке бар ынтасымен кіріскен. Өзінің есебіндегі кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдерді мәдени-спорттық шараларға қатыстырып тәрбиелік жұмыстар жүргізеді.


"Үйде бес баламыз.Мен ортаншысымын. Бұл мамандықты таңдағаныма ата -анам қарсы болмады.Керісінше,әкем мені қолдап,ақылын айтып отырады. Антына адал болып еліңе қызмет ету басты парызың дейді әкем. Жас маман болсамда қызметке бірден кірісіп кеттім.Өйткені теориялық сабақ барысында оқытушылар сотталған азаматтармен тікелей жұмыс жасайтынымызды айтып, теория жүзінде үйреткен.Сондықтан маған қызметім еш қиындық тудырмады"-дейді курсант Зарина Мұратқызы.

Мақсат пен арманға жету жолында аянбай еңбек етіп жүрген қыздарымыз үміт артқан ата-анасының,елдің сенімін ақтайтынына біз де сенімдіміз.

Қорыта айтқанда, қазіргі уақытта ҚАЖ саласында погон тағып, еліне абыройлы қызмет етіп жүрген нәзік жанды аруларымыз көбейіп келеді. Біз олардың бір парасын ғана тілге тарттық. Осы орайлы сәтті пайдаланып, нәзік жанды аруларымызды мерекелерімен құттықтап, отбасыларына бақ-береке, қызметтеріне табыс тіледік. 


Дана Достанова
Қылмыстық атқару жүйесі департаменті