Жамбыл облысында жоғалып кеткен сарбаздың туыстары біраз былықтың бетін ашты
625
Шекара заставасында әскери борышын өтеп жүрген Ұлықбек Бердішов 2 наурызда ұшты-күйлі жоқ болып кеткен. Содан бері 7 күн өтсе де, ол туралы еш хабар жоқ,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Сарбаздың туыстары іздестіру жұмыстарын өз күштерімен жүргізіп жатқандығын айтады.
Қызылорда облысы Қазалы ауданының тумасы Ұлықбек Бердішовтің "Аңдас батыр" шекара заставасында борышын өтеп жүрген жерінен жоғалып кеткені жайлы ЭК алғашқылардың бірі болып хабарлаған еді. Содан бері жауынгердің тағдыры жайлы еш хабар жоқ. Ұлықбектің туыстары застава маңын түгел аралап шығыпты. 50-ден астам адам айналаның барлығын жаяу жүріп өткен. Алайда жоғалған сарбазды көрген жан табылмапты. Баласының өміріне алаңдап отырған ата-ана шекарашылардың іздестіру жұмыстарына атүсті қарап отырғанына қынжылады.
Шекарашылардан "Баламыз қайда?"- деп сұрасақ, олар өзімізге сұрақ қойып күйдіреді. "Балаңызды үйіңізге тығып қойған шығарсыз" дейді маған. Қайда екенін білсем, күн-түн мына жерде жүріп неғыламын? Қашып кеткен дейді менің баламды. Ол қашпайды,— дейді сарбаздың анасы Орынкүл Мерекова.
Жоғалған жігіттің жақындары онымен соңғы рет 1 наурыз күні сөйлесіпті. Ұлықбек жағдайының жақсы, ешқандай түйткіл жоқ екенін айтқан. Алайда бір тәуліктен соң жоғалып кеткен. Сарбазды іздеуге жұмылғандар застава командирлерінің жауапсыздығына қайран қалуда.
Шекарашылар ешкімге ешқандай ақпарат бермей отыр. Ұлықбек Бердішовтің жоғалғаны жайында ҰҚК Шекара қызметінің ресми сайтында қысқа ғана хабарлама жарияланған.
Жоғалған сарбаздың туыстары заставадағы бірқатар былықтың да бетін ашты. Олардың айтуынша, борышын өтеп жүрген сарбаздардың киімі жұпыны, үстілері лас, ас-аухаты нашар. Оны олар ішке кірген кезде өз көздерімен көріпті. Санитарлық талаптар сақталмаған. Асханада тышқандар қаптап жүрген екен.
Сарбаздарға тиісті жағдай жасай алмай, бейбіт күнде баламызды жоғалтып отырған жоғары басшылықтың жауапқа тартылуын талап етеміз!—дейді олар.