2040 жылға қарай Қазақстанға су тапшылығы қаупі төнеді

285

Әлемдік ресурстар институтының болжамы бойынша, 2040 жылы тек Қазақстанда ғана емес, Орта Азиядағы 44 мемлекетте тіршілік нәрінің жетіспеушілігі байқалады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме беріп.

2018 жылы жер шарында ресурстың 18,4 пайызы жұмсалған. Отандық экобелсенділер бұл мәселенің алдын алмаса, жағдай қиын дейді. Қазақстанға судың көп бөлігі трансшекаралық өзендерден келетін болған соң, су зардабын біз қатты тартамыз дейді Ермекгүл Жапарқұлова. Себебі, Ертіс өзені Қытайдан келетін болған соң, көрші ел электр стансаларын көптеп салып, бізге тиесілі мөлшердегі суды бере алмай жатыр екен.

Ал, Қырғызстан арқылы келетін Талас өзені тартылуынан Жамбыл облысының шаруалары зардап шегеді. Бұдан бөлек, Сырдария суының тізеге дейін төмендеуі салдарынан күріш егетін диқаншылар қиналады дейді маман. Былтырғы Батыстағы қуаңшылық та осы судың аздығынан болған құбылыс екенін айтады.


“Гидрологиялық расчетқа байланысты қуаңшылық бір жыл болмайды. Бұл бес, алты цикл ғой. Бес, алты жоқ дегенде жеті, сегіз жылға бірақ барады. Біздің прогнозымыз бойынша биыл да, келесі жылы да осыған дейінгі 3-4 жылда қуаңшылық болады деп есептеп отырмыз”, – дейді Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің доценті Ермекгүл Жапарқұлова.

Су тапшылығының тағы бір себебі - жаһандық жылыну дейді Ермекгүл Жапарқұлова. Маманның сөзінше, Антарктидадағы мың жылдап жатқан мұздар еріп, климат өзгерген соң оның салдары тіршілік нәрінің жетіспеушілігіне алып келеді. Ал эко белсенді Пакизат Сайлаубекова үкімет тарапынан су тапшылығының алдын алу шаралары жасалып жатқанымен, нәтиже көңіл көншітпейді дейді.


“Көп жобалар бар мемлекеттік. Бірақ, барлық жерде су жетіспеушіліктер қазірден бастап уже байқап жатырмыз. Статистикаға қарасақ. Сондықтан, сол жағынан көп жұмыс істеу керек”, -дейді эко белсенді Пакизат Сайлаубекова.

Ал, экология министрлігінің мәліметі бойынша елдің оңтүстік бассейндеріндегі қар қоры соңғы жылдары 30-40 пайызға азайған. Сол себепті, Балқаш ауданында күріштің егісін 1 мың гектарға төмендету жоспарланыпты. Яғни, мамандардың су тапшылығын болдырмау мақсатында кешенді жұмыстар атқарылуы керек дабыл қағуы бекер емес.