ҚАЛА ӘКІМІ ҚАЗАНТАЕВТЫҢ УӘДЕСІНДЕ ТҰРМАҒАНЫНА БӘЙТЕРЕКТІКТЕР ҚАПАЛЫ

2 518
Қызылорда қаласындағы   Бәйтерек мөлтек ауданының тұрғындары әлі күнге дейін бір  көпірге қол жеткізе алмай келеді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агентігі.

Бүгінде Қызылорда қаласына қарасты Бәйтерек   мөлтек ауданының тұрғындары соңғы 5 жыл бойы қалаға қатынап тұратын сапалы көпірдің жоқтығына наразылық білдіріп келеді.   Қала әкімі Ғанибек Қазантаев  2021 жылдың мамыр айында сапалы көпір салып беру туралы уәдесін беріп еді. Алайда,  аудан тұрғындарына  берілген уәде әлі күнге дейін оң шешімін таппай отырғандығы халық наразылығын тудыруда.


«Біз Байтерек ауданының тұрғындары әкімдікке 2017 жылдан бері қанша рет алдына бардық. Тек құрғақ уәде, тапсыру, қарастыру болады деген жәй сол жерден шығып кету үшін айтылған әңгімеден шаршадық. Негізінен генпланда 4 көпір түсу керек еді. Алайда әлі күнге дейін 1-і де салынған жоқ» , - дейді қала тұрғыны Асхат Байымбетов.


Ал, қала әкімінің орынбасары «Қолдан келетін, келмейтін нәрсе бар. Су тоқтаған соң өткел салып береміз. Кәсіпкерлерде  бала-шағасының ауызынан жырып, көпір салып берген сауап деп жүрген жоқ па?!», - дейді  Елмурат Рахматуллаев


Расында, қала әкімі бір көпірдің жырын шеше алмаса, бір қаланың мұңын қалай шешпек?! Айтылған сөз, атылған оқ демекші, өз сөздерінен өздері тайыққандары қалай? Сонымен қатар,   Бәйтерек ауданында көпірдің жырынан бөлек, газ, жол  тіпті жарық мәселесі де әлі күнге дейін түбегейлі шешімін  таппай отыр. 
«Мындай қымбатшылықта өз үйіміз бола тұрып, қалада пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Байтерек 3-тен салып қойған времянкамызға бара аламай отырмыз. Көпір түссе, асфальт түссе балаларымыз мектепке қиналмай қатынар еді. Қала әкімі осы жылдан қалмай көпір проблемасын шешіп берсе екен», - дейді көпбалалы ана Сания Сражадинова

Осы орайда, Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастырған брифингінде 
«Бәйтерек» мөлтек ауданындағы автомобиль көпірінің құрылысына қалалық бюджеттен 16,4 млн.теңгеге жуық қаржы бөлінді. Сонымен қатар «АлматыДор Проект» ЖШС келісім шарт жасалып, жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Қазіргі таңда мемлекеттік сараптаманың қарауына жолданды. Оң қорытындысы шыққаннан кейін республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлу үшін өтінім ұсынылатын болады. Бұл өтінім толық мақұлданса көпірдің құрылысы   аяқталып, пайдалануға беріледі, - деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дархан Бақтияров.

Қорыта келе, Бәйтерек мөлтек ауданына  биылдан қалмай сапалы  көпір салынып, халық игілігіне берілсе нұр үстіне нұр болар еді. 
 
 АЙБАР