Туризм комитеті қазақстандықтарды Түркияға сапардан бас тартуға шақырды

438
Еліміздің мәдениет және спорт министрлігінің туризм индустриясы комитеті Түркиядағы эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады. 

Ведомствоның мәліметінше, соңғы күндері Түркияда коронавирус жұқтырғандар саны күрт өскен. Мәселен, елде бір тәулікте 50 мыңнан аса адамнан COVID-19 инфекциясы анықталуда. 

"Осыған байланысты, Қазақстан азаматтарынан жағдай тұрақталғанға дейін аталған елге барудан бас тартуды сұраймыз. Саяхат жасаған жағдайда, эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын барынша сақтауды, қонақүй аумағынан кетпеуге және адамдар көп жиналатын орындарға бармауды сұраймыз. 

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Бас санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 12 сәуірдегі № 13 қаулысына сәйкес, шетелден Қазақстан аумағына ұшар алдында ПТР тест анықтамасы жоқ жолаушыларды ұшақ бортына отырғызуға жол берілмейтінін хабарлаймыз", - дейді туризм индустриясы комитеті. 

15 сәуірден бастап Ресей Түркиямен әуе қатынасын шамамен 1 маусымға дейін уақытша тоқтатады.

Сонымен қатар, еліміздің денсаулық сақтау министрлігі де Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе рейстерін қысқарту туралы ұсыныс жасаған. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетованың сөзінше, қазіргі уақытта бұл ұсыныс қаралып жатыр. 

Есмағамбетованың айтуынша, егер Қазақстандағы ауырғандар санымен Түркияны салыстырсақ, ол жақтағы тәуліктік көрсеткіш 5,5 есеге көп.