"17 миллион теңге қаражат салдым": Алматыда қаржы пирамидасына алданғандар кінәлілердің бостандықта жүргеніне наразы

302

Алматылық жәбірленушілер “L- Капитал” қаржы пирамидасына қатысты істің жабылғанына наразылық танытып, елордаға келген. Ақшасын инвестициялауға ниеттенген жұрт соңында құры қол қалғандарын айтады. Қазір пирамиданы ұйымдастырушылар бостандықта жүрген көрінеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап. 



Мен бұнда 17 миллион теңге қаражатымды акционер болып, инвестиция жасаймын деп салдым. Олар мені Қытаймен тығыз байланысымыз бар, құс фабрикаларымыз жұмыс істейді, алтын шығарамыз деп алдады. Кейін қарасақ, олардың тіпті жеке шоттары болмаған”, – деді жәбірленуші Жазира Әбішева.

Қоғамдық ұйымның мәліметінше, бұл қаржы пирамидасына 1400 адам алданған. Басында құқық қорғау органдары бұл іске қатысы бар 6 адамды қамауға алған. Бірақ кейін іс сотқа жетпей жабылып, қамалғандар босатылған. 

“Олар тергеу аяқталып, сотқа жіберетін кезде босатылған. Бұл іске қатысты 1400 адам  арыз жазған. Заңды тұрғыда төленуге тиіс 39 миллиард теңге де қайтарылмаған”, – деді қоғамдық ұйымның өкілі Бибінұр Шералиева.

Заңгер Жандос Тұяқов қаржы пирамидасын құрғандарға 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру бойынша арнайы бап бар екенін айтады.


Қаржы пирамидасының механизмі сол. Олар басынан мықты жоспар құрады. Жәбірленушілер сот арқылы оларды жеңсе де соңында бәрібір қаражаттарын қайтара алмайды. Өйткені ол ақшалардың нақты қайда кеткенін ешкім білмейді. Ал кінәлілер болса, қамауда отырып келуге дайын”, – деді заңгер.

Ішкі істер министрлігі болса тергеу нәтижесін бөлісе алмайтындарын айтқан. Полицейлер оңай олжаға алданғандардың көбейіп бара жатқанын айтып, елді абай болуға шақырды.