ҚЫЗЫЛОРДАДА ЕГІЛГЕН КӨШЕТТЕРДІҢ ТҮГІ ҚАЛМАДЫ

677

Фото: Opennews.kzҚызылорданы жасыл өлкеге айналдыру мақсатында отырғызылған 2000 түп ағаштан түк қалмады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 


Қызылорда қаласын жасыл өлкеге айналдыру мақсатында, 2021 жылы Қожа Ахмет Яссауи көшесінің бойына 10 миллион теңгеге 2000 түб көшет егілген болатын. Тамшылатып суару әдісі бойынша егілген көшеттердің бірі де көктемей толығымен тазаланып, өртелген. Ал, жергілікті билік жыл сайын кәдеге аспайтын жобаны қаржыландырудан шаршамайды. Алайда, жобаның толығымен жүзеге асуы үшін 3-4 жыл бойына күтім керектігін алға тартқан мамандардың сөзіне құлақ аспаған билік қайта көшет отырғызу жұмыстарын да бастап кеткен көрінеді.


Естеріңізге сала кетсек, «
Қызылордада 10 миллионға отырғызылған көшеттер неге көктемеді?» атты мақаламыз жарық көрген болатын. Алайда, көп ұзамай қыруар қаржыны талап еткен жаңа бастаманың тағы да аяқсыз қалғандығына куә болдық. 

Қоғам белсендісінің айтуынша: 

«10 миллион тек тал егуге емес, оған құбырмен суару жүйесін жасау және былтыр жаздай секциялап суару үшін де жұмысшысына айлығы да қарастырылған, яғни жоба өміршең. Тек оған үш төрт жыл күтіп баптауға да қаржы қарастырылуы қажет, кез келген тал егуді білетін адам бір жыл егіп келесі жыл ол тал болып кетпейтінін білсе керек, соны қалалық маслихат депутаттары қарастыруы керек еді. Келешек осындай су үнемдеуіш жүйелер болмаса бұндай жерлерді көгалдандыру мүмкін емес, оның үстіне жері биік-төмен және ағын аяқ су жоқ жерге бұндай жүйесіз көгалдандыру ещ мүмкін емес. Жалпы осындай аумақтан да кіші аумақтың өзінің талы егуі мен су құбыры жүйесін жасауды айтпағанда, тек күтіп баптаудың өзіне 7-8 миллион қаржы қарастыруды сұрап жүрген депутаттар жаздай 6 айға 2 жұмысшыға 3-4 жыл 150 мың айлықтан 300 мың, яғни жылына 1,8 миллион қарастырса бұл жер бақ болады, ал келешек бүкіл қаланы көгалдандыруға бұндай жүйе үлгі болады»,- дейді Болат Нурхожаев.


Ал, Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары:
«2021 жылы Теміржол желісі бойымен Қ. Яссауи көшесінде орналасқан жер телімінде құбырмен суару және көшеттерді отырғызу жұмыстарына халық қатысатын бюджет жобасы бойынша «Ақ-Сырым» ЖШС-гі жеңімпаз атанды.


Аталған жобада тамшылатып суару үшін құбырларды орнату, 2021 жылдың күзгі айларында 2000 дана көшеттер отырғызылды. Сонымен қатар, «Ақ-Сырым» ЖШС-гі арқылы 2022 жылы жобадан бөлек қосымша 600 ағаш көшеттері отырғызылып, қазіргі таңда аяқ сумен мердігер мекеме тұрақты қамтамасыз етіп келетіндігін» атап өткен болатын.


Демек, мердігер  мекеменің төзімі бітті ме, әлде Қызылорданың ыстығына егілген талдар шыдамады ма белгісіз. Дегенмен отырғызылған көшеттердің көлеңкесі де қалмады. 
Ал, көше бойының тұрғындарының бірі:

«Бастапқы отырғызылған көшеттерді көріп, қуандық. Содан не керек көшеміз көгалдандырылды деген үміт пайда болды. Енді міне, бір жыл бойына тұрып, көктеп көгерген емес. 10 миллионға отырғызған талдарды, енді өртеп жіберді. Негізі бұл ақшаның есебі бар ма? Жанашырлық деген қайда? Неге тексерілмейді, қадағаланбайды? Турасын айтқанда, 10 миллионды осында әкеп өртеп жібергенмен бірдей емес пе?»,- дейді Жұлдызай Болатқызы.


Ал, Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандарының айтуынша, қазіргі таңда санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Бастапқы  келісімге отырған мердігер мекеме өз есебінен қайта көшеттерді отырғызу мен тазалау жұмыстарын бастап кетті дейді. 



АЙГЕРІМ РАХЫМЖАНҚЫЗЫ

Фотожурналист ДИНАРА БАУЫРЖАНҚЫЗЫ