Нұр-Сұлтаннан Түркістанға жол тартқан Гүлмира Сәулебекова өзі мінген поездың жағдайын көріп, наразылығын білдірді. Айтуынша еліміздегі сатып алынды деген вагондардың жағдайына қарап Ресейден қалған ескі вагондар екенін анық байқауға болады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Көптен күткен демалысына шыққан Гүлмира ішкі туризмді дамытуды көздеп, балаларға тарихи орындарды көрсету үшін Түркістан қаласына жол тартқанын айтады. Туристік бағыттағы қала болғандықтан күткен поездың жағдайы да жаңғыртылған деп ойлаған тұрғынның ойлағаны керісінше болса керек.
“Нұрлы жол" вокзалында 272 ЦА пойызына отырғызу басталғанын хабарлады. Мен ҚТЖ осындай туристік бағытқа ең жақсы жолаушыларға арналған вагондар берді деген үмітпен келе жаттым. Кейін пойыздың ескі жасыл вагондарын көрдім. Басында ең жақсы деп билетті 9-вагоннан әдейі сатып алдым. Бұл вагонның басқаларынан ерекшелігі сұр түсті және купесінде терезелері бар болып шықты. Купелік вагондар әдетте желдеткішпен жабдықталуы керек еді. Бұны көріп менің көңілім түсті”,- дейді жолаушы.
Айтуынша вагон ішінде желдеткіштер болмаған. Ал жолсерік қыздан сұраған кезде ол бұл вагондардың ресейлік екенін және ішінде желдеткіш орнатылмағанын айтқан.
“Қабырғалары ескі, дәретханасын айтпай-ақ қояйын. Осыдан үш жыл бұрын "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның сол кездегі басшысы Микаэль Кортюм журналистерге ҚТЖ қаржысына сатып алынған ресейлік жаңа вагондарды көрсетті. Ол кезде вагондар жағдайы басқаша болған еді. Күдіктенетінім сонда ҚТЖ мемлекеттен бөлінген қаржыға жаңа деп Ресейдің қолданыстан шыққан ескі вагондарын сатып алған ба? Қаражатты осылайша жаңа вагондар алдық деп ескісін алып, қалған ақшаны қалталарына басты ма? Сонда Ресейдің тозығы жетті, қолданысқа келмейді деген қалдықтарын біздің қара халыққа жарайды деп алғаны ма? Ішінде тұншығуға болатын вагондар елдің салықтарының ақшасына алынды. Өз еліміздегі қарапайым халыққа осындай деңгейлі қызметтер жарай береді дегені ме? Монополияға қарсы агенттік қайда қарап отыр?”,- деп қорытындылады ол.
Осыған орай өз кезегінде "Сарыарқа компаниясы" ЖШС басшысы Марат Бекішев бұл пойыз құрамында 16 вагон барын және оның сегізі кондиционермен жабдықталғанын айтты.
"Бұл вагондардың ішінде биылғы жылдың бірінші тоқсанында сатып алғандары да бар. Ресей темір жолының еншілес кәсіпорны "РФ" АҚ аукцион ұйымдастырды. Қорытынды бойынша біз жеңімпаз атандық. Вагондар сәуір айының екінші жартысында келді. Олардың техникалық көрсеткіштері мемлекеттік стандарттарға толық сәйкес келеді. Бұл көліктердің қызмет ету мерзімі 2040 жылға дейін. Мерзім зауыттан 2024 жылға дейін белгіленген. Пайдалану мерзімі - 28 жыл. Бірақ Қазақстан мен ТМД елдерінің заңнамасына сәйкес, қалпына келтіру жұмыстарының арқасында бұл мерзімді қосымша 16 жылға ұзартуға болады", - деп түсіндірді ол.
Директордың айтуынша көліктердің техникалық құжаттамасы мен жағдайы жол қозғалысы қауіпсіздігінің барлық ережелеріне сәйкес келеді. Нұр-Сұлтан – Түркістан бағыты мемлекет тарапынан субсидияланбайды. Бұл жоғары сұранысқа байланысты толығымен компанияның бастамасы болды. Пойыз өткен жылы жолға қойылған. Осы уақыт ішінде компания 35 000 жолаушыны тасымалдаған. Биылдың өзінде 4000-нан астам жолаушыны тасымалдауда.
"Біз бұл көліктердің жаңа емес екенін және бәрі бірдей желдеткіштермен жабдықталмағанынан хабардармыз. Дегенмен вагондарда терезелер ашылып жатыр. Біз қазір вагондарға желдеткіш орналастыруды ойластырып жатырмыз. Дегенмен бұл көп еңбекті қажет ететінін және қымбат жұмыс екенін түсінуіміз керек. Пойызда білікті мамандар жұмыс істейді. Жаңа төсек-орынмен қамтамасыз етілді. Ауа кондиционеріне қатысты проблемалық сәттер бар. Бірақ пойыздар гигиеналық талаптардың барлығымен жабдықталған. Дәретханаларда жұмысшылар кесте бойынша тазалық жұмыстарын жүргізеді ", - дейді Марат Бекешев.