Жас әкелер мен студенттерге неге әскерге шақыру қағазы келеді: Қорғаныс министрі жауап берді
Қорғаныс министрлігі Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов парламент отырысында жас әкелер мен студенттерге неге әскерге шақыру қағаздары келіп жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
Қорғаныс министрі 18 жастан бастап кез-келген азамат әскери борышын орындауға міндетті деп мәлімдеді. Алайда бұл міндеттелмейтін жағдайлар бар. Әскери борышын өтеу мерзімін кейінге қалдыру шешімін жергілікті әскери комиссариат қабылдайды.
Руслан Жақсылықов оқуға түскені туралы құжатын жергілікті әскери басқару органдарына уақытында бермесе студенттің атына әскерге шақырту қағазы келуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Бұл жас әкелерге де қатысты, дейді ол.
Сонымен қатар Жақсылықов шақыру беру кезінде де заңбұзушылық фактісі болуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Дегенмен ол әрбір жағдай жеке-жеке тексерілетінін атап өтті.