Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдерге 30 миллиард теңге қарыз болып қалған
Қазақстандық мұғалімдердің бір бөлігі мамыр айының жалақысын ала алмай жүр. Ал еңбек демалысы мен сауықтыру ақысы бойынша берешек 30 миллиард теңгеге жеткен,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы мәжіліс депутаты Юлия Кучинская айтты.
Оның айтуынша, соңғы күндері депутаттардың атына мектеп мұғалімдерінен арыз-шағым көп түседі. Мемлекет жалақы, еңбек демалысы және сауықтыру ақысы бойынша ұстаздарға берешек болып қалған.
Айтуынша, трансфертті есептеу кезінде үкімет оқушылар контингентінің жыл сайын ұлғаятынын ескеріп, еңбекақы төлеу қорын индексациялау мәселесін есепке алмаған. Салдарынан министрлік жіберген олқылық, кейін бюджетті нақтылау кезінде бұл проблеманың қозғалмауы бюджет қаражатының тапшылығына әкеп соқты.
Ол мұғалімдер барлық инстанцияға мұң-мұқтажын жеткізіп жүргеніне қарамастан, министрлік үнсіз қалғанын атап өтті.
Мәжіліс депутаттары оқу-ағарту министрінен бұл мәселені тез арада шешуді талап етті.