ШҚО-да бір ауданға толық жетпей жатқан газ ақыры Қытайға жөнелтілмек

283

Шығыс Қазақстанда бір аудан газбен толық қамтылмай жатып, көгілдір отын қайтадан Қытайға экспортталғалы жатыр, деп хабарлайды   Opennews.kz  ақпарат агенттігі    Ulysmedia.kz порталына  сілтеме жасап. 




Газ 12 жылға ғана жетеді


2022 жылдың мамыр айының басында Шығыс Қазақстан әкімі Даниал Ахметовтың Қытайға бағытталған газ экспортын тоқтатқысы келетіні туралы ақпарат тараған. Ол тұста әкім Зайсан ауданындағы газға жауапты «Тарбағатай Мұнай» мекемесін сынға алып, «жоспары жоқтығын, ештеңеге кепілдік бермейтінін, соған қарамастан ондаған миллион текше метр газды Қытайға жібергісі келетінін» ашық айтқан. Оған дейін әкімнің қайда қарап отырғаны түсініксіз. Әйтеуір, мамырда солай мінез көрсеткені бар. Қытайға газды жіберу-жібермеу мәселесі бойынша тіпті Зайсанда 50-ге жуық адамнан тұратын комиссия құрылып, мәселеге баса назар аударылған болатын.


«Қазір бұл компания Зайсан қаласы мен оның бірнеше ауылын газбен қамтиды. 2024 жылға дейін аудандағы тағы 8 ауылды газбен қамту көзделген. Соған қарамастан қазіргі барлау қорының есебіне сенсек, газдың өзі ары кеткенде 12-13 жылға ғана жетеді. Осындай жағдайда «Тарбағатай Мұнай» тарапы едәуір шығынға батып жатқанын, Қытайға 75 млн текше метр газды экспорттағанда ғана қаржы мәселесін реттеуге болатынын айтып отыр. Оған қоса ол компания газдың бағасы 2015 жылдан бері 6 есе көбейткен», - деген еді мамырда облыс әкімі.
Ахметов энергетика министрлігімен бірлесе отырыс өткізгеннен кейін газ өндіретін компанияның бүкіл келісімшарты мен міндеттемелері қайта қаралатынын да айтқан. Кейін аталған мәселе бойынша аудан халқының өкілдерінен тұратын комиссия да құрылған. (Комиссия жұмысы қалай өткенін төменде портал тілшісіне Зайсан ауданының тұрғыны, комиссия мүшесі Еркебұлан Зағыпаров айтып берді).

«Халыққа керек шешімді алайық»

Комиссия отырысы алдында Ulysmedia.kz порталының тілшісі Ахметовтың өзінен осы мәселе жөнінде пікірін сұраған еді.


«Меніңше, жағдай былай болуы керек: сөзсіз, экспортты қазір тоқтату керек. Тоқтатылды. Уақытша. Бірлескен жұмыс тобы алдағы уақытта жұмыс істейді. Содан кейін соның шешімін, нәтижесін қарап, халыққа керек шешімді алайық», - деген болатын Даниал Ахметов үкімет кулуарында.

Сарыбұлақ кен орнындағы газдың Зайсан ауданының өзіне бар-жоғы 10-12 жылға жететінін бұған дейін Энергетика министрі Болат Ақшолақов та айтқан болатын. Министр ол тұста «комиссия құру керектігіне көзіміз жетті. Министрлік өкілдерімен қатар ол комиссияға жергілікті тұрғындар да кіреді. Егер олар қалай болса да тоқтатамыз десе, онда біз тоқтатамыз» дегені бар. Осыны алға тарта келе Ахметовтен «соған қарағанда Қытайға экспортты біржолата тоқтату керек шығар?» деген сұраққа әкім былай жауап берген.

«Мүмкін біржолата тоқтатамыз. Мүмкін қосымша барлау жұмыстарын жүргіземіз. Оны алдағы уақытта қараймыз».

«Халыққа керек шешімді» Даниал Ахметовтың өз қалай елестетінін кім біледі!? Алайда күні кеше ratel.kz порталында жарияланған мақала аудан халқын тағы алаңдатып отыр.

Әкімнің ойын не өзгертті?


Ақпараттық порталдың жазуынша, «Даниал Ахметов Қытайға газ экспортын тоқтату мәселесінде қайта ойланып қалған». Портал мәліметіне сүйенсек, облыс әкімі «Тарбағатай Мұнай» компаниясының өкілдерімен облыс әкімдігінде кездесіп, тараптар арасында консенсус орнағанын айтқан (бұл жерде комиссия туралы сөз қозғалмайды). Екі айдың ішінде кәсіпорынның жұмысына терең талдау жүргізілген көрінеді. Ахметов таратқан ақпаратқа сәйкес, бұған Зайсан ауданы халқының наразылығы себеп болған.


«Компания Зайсан ауданының елдімекендерін газбен қамтиды. Қытайдағы серіктесі алдында да экспорттық міндеттемесі бар. Энергетика министрлігінің анализ жұмыстары аяқталғанға дейін Қытайға экспорт тоқтатылған. Бүгін компания биылдан бастап мұнай өндірісін бастайтынын және содан келетін қосымша газ Зайсан ауданын газбен қамту мерзімін 10 жылдан 30 жылға дейін арттыруға мүмкіндік беретінін хабарлады. Қазіргі уақытта Зайсан ауданында газ қоры 235 млн текше метр. Экспорт үшін 70 млн текше метр керек», - дейді ол.


Фото: ratel.kz

ШҚО әкімдігінің ақпаратына сәйкес, бұл мөлшер міндеттемелерді орындауға ғана емес, сонымен бірге түскен табысты ары қарай мұнай кен орнын игеруге жұмсалады.

«Қордың бары расталды. Әзірге он жылға жетеді. Оған қоса біз мұнай алу бойынша жұмыстарын бастадық. Мұнаймен бірге газ қоса өндіріледі. Мұның өзі Зайсан ауданына газдың 20-30 жылға жететінін білдіреді. Біз тек экспортқа лимит сұрап отырмыз. Бірақ бұл теңіздің тамшысындай ғана. Одан түскен табысқа мамандарды ұстап қалу керек. Көп салық төлейміз. Газ бағасы халық үшін өзгермейді», - деп сендірген «Тарбағатай Мұнай» компаниясының өкілі әкіммен кездесуде.

Комиссия құрамына күмән бар

Ulysmedia.kz порталына хабарласқан Зайсан ауданының тұрғыны, комиссия құрамында болған Еркебұлан Зағыпаров атты азамат күні кеше жарияланған ақпарат Зайсан ауданы халқын алаңдатып отырғанын айтады.


«Комиссия құрамына 47 адам кірген. Олардың тізімін фейсбукке жаздым. Біз басына бардық (Тарбағатай Мұнай кәсіпорнына). Ол жерге барған комиссия мүшелері «Тарбағатай Мұнай» компаниясының жұмысымен танысты. Жиналыс болды. Облыстан шатаспасам «ЖКХ»-ның бастығы болды ғой деймін. Одан кейін Энергетика министрлігінің бір департаментінен де кісі келді. Содан ол жерде газды Қытайға берейік деді. Аудан әкімі де «Қытайға беруге қарсымын, бірақ беру керек, ертең бірі күні ауданға газ тоқтап қалады» деді. Дегенмен, комиссия мүшелерінің бәрі «ауылдарымызды газбен қамтып алмай, газды жібермесін» деп қарсы болды. 47 адамның ішінде сөз сөйлегендердің шамамен түгелі газды жіберуге түгел қарсылық білдірді», - дейді ол.

Еркебұлан Зағыпаровтың айтуынша, комиссия құрамында болған кейбір азаматтар Зайсан ауданы халқын Мәдениет үйінің алдына жинап, мәселені халықпен бірге қарауды, талқылауды, шешімді сол жерде шығаруды ұсынған. Өйткені комиссия құрамында билікке көбінде лояльды адамдарды кіргенін айтады ол.



«Тізімді дұрыстап қарасаңыздар, онда ылғи партияның адамдары, әкімдік қызметкерлері болды. Содан кейін сондай әңгімелер шыға бастады. Анау жерде тұрған адамдарды өз ойымызда қалдық – халықтың атынан осы комиссия сөйлемей, алдындағыдай Мәдениет үйінің алдына халықты жинап, халықтың пікірін тыңдаңдар дедік. Өз басымыз газ беруге қарсымыз дедік. Комиссияның ешқандай шешімі шыққан жоқ. Бізге ештеңе көрсетпеді. Бәлкім, хаттама бірдеңе толтырған шығар. Өз басымыз қарсымыз дедік», - дейді ол.



Еркебұлан Зағыпаров Даниал Ахметов Зайсан халқымен келіп кездесуі керек деп есептейді.


«Кездеспей газды жібермейтін шығар. Бірақ осы ақпарат жер-жерде тарап, ауданға да жетті. Аудандағы көбі наразылық білдіріп жатыр. «Тарбағатай Мұнай» компаниясы біз Қытайға газ жібермесек, банкротқа кетеміз деп отыр. Ал біз оларға «әу баста, сендер газ емес, мұнай қазуға келген компаниясыңдар ғой, анау мұнаймен шыққан газ» дейміз. Бізде қазір халық былай талап етуі мүмкін: Зайсан толық газбен қамтамасыз етілсін. Толық! Содан кейін беруге болады – оның өзінде бір рет қана. Бір рет сол сұрап отырған 75 млн текше метрін. Бірақ қазір бізде ауылдарға газ тартылған жоқ. Қазіргі қысыммен есептеп тұр бұлар. 8 ауыл газға қосылса, мұның қысымы азаяды. Қыста ел пештің қуаттылығын 4-ке қойып жағып отырмыз деген. 8 ауыл қосылса, газдың қысымы ауылдарға жете ме? Ол да проблема», - деп сөзін жалғастырады Зайсан тұрғыны.

Әзірге аудан әкімдігі бұл мәселе жөнінде ешқандай ақпарат таратқан жоқ. Осылайша, Шығыс Қазақстанда бір ауданға жетпей жатқан газ ақыры Қытайға жөнелтілгелі тұр. Кезінде Сарыбұлақтың газынан Зайсан ауданымен көршілес Күршім мен Тарбағатай аудандары да үмітті болған. Әйтсе де ортақы қазба байлықтың еншісі ол аудандарға жетпейтін түрі бар.