ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТАН САҚ БОЛЫҢЫЗ

1 385

Соңғы уақытта елімізде интернет алаяқтық фактілері жиілеп кетті,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
 Фото: pixabay.com
 
Адамдарды алдап ақшасын алып, көпшіліктің көз жасымен келген қаражатты тамағынан қыйналмай өткізетін «өлермендер» интернет арқылы алдауға көшті, олар ақша табу үшін ештеңеден тайынбай тұр. Ашық қоғамда ақпараттық қауіпсіздіктің жоқтығының салдары деп білеміз. Бір Қызылорда қаласында интернет алаяқтықтың құрбаны болған азаматтар мен оған заңды шешім таппай жүрген жандар жетіп артылады. 


 Солардың бірі қала тұрғыны  Қанат Жалиловтың айтуынша еңбек демалысына шыққанда алаяқтық құрбаны болып, құзырлы органдарға шағымданса да сол күйі нәтиже жоқ деп қапаланады жас педагог.  

«... еңбек демалысына шығып, қомақты қаржы алған сәтімде оңбай алдандым. Телефоныма хабарласқан әлдебір адам өзінің брокерлік компаниядан екенін, және менің шотыма қомақты қаражат түскелі тұрғанын айтып сендірді. Өте сыпайы және сауатты түрде мені 2-3 күн арбады. Ақыр соңында бір счетқа ақшамды аудартып жоқ болды. 102 ге хабарласқанымда  олар менің өзімді кінәлап дүрсе қоя берді. Сонда бұл қалай? Өкінішке орай біздегі күрестің бәрі формалды түрде» ,- дейді ашынған жас ұстаз.

 
         Ал жоғары оқу орында дәріс беретін Ақдидар Сарсенова болса, прокуратура атын жамылып сазға отырғызған алаяқтарды әлі күнге таба алмай табанынан тозып жүргенін айтады. Оның айтуынша

"қазір банктегі адамдардың счеттарында қанша қаражат бар екенін біліп алу мүмкіндігі бар алаяқтар көбейген. Сонда біздің ақпараттық цифрлық қауіпсіздігіміз қайда? Олар біз туралы ақпараттарды қайдан алады? Осыған жауап таппай келемін"
- дейді профессор. 


Қазақта «Көпті алдаған, көрінде өкіреді» деген бар. Бірақ жұрт тапқан тайанғанын алдап алған адамдардың осы өмірде жазаланғанын қалайды. Өйткені бала шағасының аузынан жырып ақша жинап адал нәсіп тауып жүрген жұртты түлкі бұлғанға салып   алдаушылар көбеймесе азаймай тұр.   


Статистика сүйенетін болсақ, егер 2016 жылы осындай мың қылмыс тіркелсе, 2021 жылы алаяқтық саны 21 мыңға өскен. Ал жыл басынан бері 11 763 оқиға тіркеліп, алаяқтардың кесірінен 7 млрд. теңге шығын келтірілген. Бұл тек ресми дерек, ал шағымданбағандар қаншама десеңші?
 
 Құзырлы орган қызметкерлері барынша күресіп, алдын алып жатырмыз дейді.  

   

"Бүгінде елімізде банктің атын жамылып, өзгенің ақшасына қол сұғатындар көбейді. Дәлірек айтқанда, жергілікті сот органдарымен 23 адамға қатысты 21 қылмыстық іс қаралды. Талдау барысында сотқа жолданған алаяқтық істердің басым көпшілігі – жер немесе тұрғын үй алып беруге, несие рәсімдеуге, жұмысқа орналастыруға, көлік жүргізу куәлігін алып беруге байланысты істер қозғалған. Ал биыл тіркелген алаяқтық қылмыстың 51 пайызы интернет алаяқтыққа жатады. Кінәлі азаматтар ҚР заңына сәйкес жауапқа тартылуда. Алаяқтың арбауына түспеу үшін еш нәрсеге көз жеткізбей, бөтен азаматқа ақша аудармау қажет. Ал онлайн қызметке жүгінген кезде өзге қаладағы таныстарына немесе туыстарына айту арқылы нақты тексеріп алған жөн. Егер онлайн қызметтердің ісіне күмән туындаса дереу құқық қорғау қызметіне жүгіну қажет. Себебі, қылмыстың тездетіп ашылуына үлкен септігін тигізеді", – деді Қызылорда облысы прокурорының орынбасары Нұрлан Ерманов.


Иә, тұрғындар осындай жайттардан соң, банктер мен мемлекеттік құрылымдарға да сенімінің азайғанын айтып шағымдануда. Десе де «сақтансаң сақтаймын» демекші, қазіргідей заманда екі есе аса зор сақтықпен жүрген дұрыс болар еді.   
 
Осы орайда интернет алаяқтарынан сақтану үшін мамандар келесі кеңестерді ұсынады:
 
Интернет жүйесі арқылы келген сілтеме бойынша өткен кезде мекенжай жолына, яғни, доменнің дұрыстығына, акция жүргізетін ұйымның не компанияның ресми атауындағы артық символдарға назар аудару керек.
Әлеуметтік желілердегі өз профиліңіздің дербестігін баптауларда байланыс деректерін (қызметтік және жеке телефон нөмірі) көпшілікке қолжетімді етпеген дұрыс. Мобильдік нөмірді (бизнес-аккаунт) көрсету қажет болған жағдайда, жеке және жұмыс нөмірлерін бөлу қажет, яғни, жеке нөмірді туыстармен және жақындармен байланысу үшін ғана пайдаланған дұрыс.
Есептік деректеріңізді үнемі тексеріп, көп факторлы аутентификация пайдаланылатын сенімді парольдерді қолданыңыз.


Браузерде, операциялық жүйеде және мобильдік құрылғыларда пайда болатын түрлі терезелер мен хабарламаларға қатысты абай болыңыздар.


Банк картаңыздың деректерін сақтап, картаның сыртқы жағындағы 3 санды CVV/CVC-кодын ешкімге айтпаңыз. 


Сондай-ақ, банктен келіп түсетін SMS-кодты ешбір жағдайда бейтаныс жандарға хабарламаңыз.


Интернетке қол жеткізудің ашық қоғамдық Wi-Fi-нүктелеріне сенбеңіз, сонымен қатар өз аутентификациялық деректеріңізді қорғалмаған сымсыз желілер арқылы енгізбеуге тырысыңыз.


Бопсалаушылардың телефон бойынша талаптарын орындамаңыз, ал егер Сіз интернет-алаяқтардың құрбаны болсаңыз ең жақын полиция бөліміне немесе 102 телефоны арқылы дереу жүгініңіз.

Жеке деректерді, жеке куәлік деректерін, банк карталарының деректерін және тағы басқа мәліметтерді қамтитын құжаттарыңыздың көшірмелері бен банк картасының суретін ешкімге жібермеңіз.


Ақниет Ізбасар