Депутат 1,5 млрд-тан аса қаржы үшін халықтың жерін иемденіп, банкке кепілге қойған
Жамбыл облысының тұрғындары депутат Жигули Дайрабаевтың он мыңдаған гектар жерді банкке кепілге қойғанын айтуда, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Мәжілісменге байланысты мәселені КТК телеарнасы жазды. Бейнесюжетте тұрғындар Кеңес ауылындағы 10 мыңнан астам гектар алқапты жеке компания иемденіп алғанын айтады. Жерді иеленген "Kazexim" Серіктестігі. Жигули Дайрабаев сол компанияның 2004-ші жылдары атқарушы директоры болыпты.
“Меркі ауданының сол кездегі әкімі Рысмендиев мырза өзінің лауазымын пайдалана отырып тұрғындардан жерді алып қою туралы үкім шығарады. 2007 жылы 16 қарашада Жигули Дайрабаев өзінің компаниясына алып қойған жерлердің бәрін “БТА банкке” кепілге қойып, 1 миллиард 530 миллион 819-мың теңге алады. Ол дәлелдің бәрі бізде бар қағаз жүзінде”, – дейді тұрғындардың бірі Салтанат Құралбаева.
Десе де су жаңа Мәжіліс депутаты тұрғындар сөзін жоққа шығарып отыр. Аталған компанияда 5 жыл жұмыс істегенімен, жер мәселесіне мүлде қатысым болмады, дейді.
“2003-2008 жылдары жұмыс істегенім рас. Бірақ Меркі ауданында бір гектар да жерім жоқ. Құдайдың алдында да, халықтың алдында да арым да, ұятым да таза. Мен атқарушы қызмет атқардым. Біз енді жалдамалы қызметкер болдық. “Ек” деді, ектік, “шап” деді, шаптық, “өткіз” деді, өткіздік. Халыққа жұмыс орнын бердік”, – дейді депутат.
Ауылда жердің жеткіліксіз екенін жергілікті билік те растап отыр. Халықтың базынасын орындау үшін бірқатар құжатты сотқа жолдамақ ниетте екен.
“Біз өткен жылы анықтағанымыз бойынша, 120 гектар жер пайдаланылмай келеді. Осы аптаның аяғына дейін қағаздарға қол қойдыратын, сот тәртібімен жүретін мәселелер бар. Жұмыс жүргізіліп жатыр. Апта аяғына дейін құжаттарды сотқа жолдаймыз”, – дейді Меркі ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы Данияр Нұрпейісов.