Рұқсатсыз пранк түсіруге тыйым салынбақшы

1 518

Фото: primeminister.kzМәдениет және ақпарат министрі Айда Балаева Сенат кулуарында фото және бейнежазбаларға қатысты шектеулер туралы пікір білдірді,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 

Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер тыйым салуды емес, рұқсатсыз түсірілімдерге қатысты тәртіп орнатуды көздейді.

«Біз ештеңеге тыйым салғымыз келмейді. Тек адамдарды барлық жерде рұқсатсыз түсіру әрекеттерін шектеуді қалаймыз. Әңгіме лауазымды тұлғалар туралы емес — мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс процесінде түсірілуі қалыпты жағдай. Бірақ түрлі пранктер мен рұқсатсыз жасалатын түсірілімдер көбейіп кетті. Осы норманы қоғаммен бірге талқылаймыз. Жұмыс тобы әлі құрылмады», — деді министр.

Айда Балаева жұмыс тобының құрамына журналистер де енгізілетінін атап өтті. Оның айтуынша, азаматтар жеке өмірдің қорғалмауына қатысты жиі шағымданады.

«Адамдар ешқайда бара алмаймыз, достарымызбен еркін серуендей алмаймыз деп айтып жатады. Ал шенеуніктерге келсек — біз оған үйрендік. Жеке өмір де, жақындармен жеке уақыт та жоқ: қайда барсақ та түсіріп алады. Бірақ мәселе тек шенеуніктерде емес, жалпы бұл бағытты реттеу қажет», — деді ол.