Мемлекеттің 115 млн теңгесін жымқырған басқарма басшысы 8 жылға сотталды

538

Мемлекет қаражатын жымқырған Тараз әкімдігінің коммуналдық қызмет басқармасының экс-басшысына сот үкімі шықты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 


Прокуратурада жүргізілген тексеру барысында Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бұрынғы басшысы Т. мен «KazinCapital» ЖШС басшысы Ш.-ның бюджет қаражатын ұрлау дерегі анықталды.


Тараз прокуратурасының мәліметінше, ұрлық фактісі 24 млн теңгеге контейнерлік платформаларды орнату кезінде болған.


Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігі «Қылмыстық топтың бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін аса ірі мөлшерде иеленіп алуы немесе жымқыруы» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеуді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облыстық департаменті жүргізді.


Тергеу барысында басқа да ауыр мән-жайлар анықталды. Сондай-ақ көшелерді жарықтандыру және бейнекамераларды орнату кезінде 91 млн теңгенің бюджет қаржысын ұрлау фактілері де анықталды. Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 115 млн теңгені құрады, - деп атап өтті ведомство өкілдері.


Қалалық №2 соты Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Т. мен кәсіпкерді 8 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.