Сырдариялық 37 сарбаз әскерге барады
Әскерден жалтару – өзекті мәселе. Бүгінде әрбір қазақстандық жас азамат мерзімді әскерге міндетті түрде шақырылады. Отан алдындағы азаматтық борышты өтеу парыз десек, әскерден жалтарғандар қатары азаймай тұрғаны белгілі, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Айбын әскер. Абырой, міндет, парыз. Осы сөздерді естігенде жүрегіңізді патриоттық сезім кернейтіні рас. Ұлағатты ой салатын осынау сөздер ел мен жердің қорғаны болатын ер азаматтарға тән қасиет. Дегенмен соңғы уақытта Отан алдындағы міндетіне немқұрайлы қарап, дені сау бола тұра әскерге барудан қашып жүретіндердің көп кездесетіні рас. Абыройлы міндетті борыш санамау азаматтық іс емес. Мақалаға арқау болған тақырыпты сараптап көрелік.
Отанды қорғау – азаматтық парыз
«Міндет. Абырой. Ерлік». Бұл – әскери қызметттің қасиетті ұраны. Ер азаматқа патриоттық сезім мен отаншылдық рух беретін ұлы сөздердің «Міндет» деп басталуының өзіндік мәні бар. Ол – «Біздің бір ғана Отанымыз бар» десек, сол Атамекенді қорғау осы елдің ұланына жүктелетін парыз деген сөз. Одан кейін Отан алдындағы борышын өтеген азамат абыройға кенеліп, ел басына күн туғанда ерлік көрсетуге, елді, жерді қорғауға тас түйін дайын болуы тиіс.
Тәуелсіздігіміздің таңы атқанына 33 жыл болып, шекаралас мемлекеттермен шекарамыз шегенделді дегенімізбен, бейқамдыққа салынуға болмайды. Оны қазіргі кезде әлемде орын алып жатқан түрлі ахуалдың өзі дәлелдей түседі. Сондықтан әскері айбарлы, қуатты мемлекеттің ғана Тәуелсіздігіне, бірлігіне сызат түспейді, бекем болады. Қазіргідей әлемді сан алуан қақтығыстар мен тұрақсыздық жайлағанда оның салқыны біздің елге де әсер етуі мүмкін. Сондайда еліміздің әскері, сарбаздары ел қорғаны мен қалқаны болуы міндетті. Ол үшін әрбір кәмелеттік жасқа толған ер азамат әскер қатарында болып, ұрыс қимылдарына жаттығып, меңгеруі тиіс. Қолына қару алып, елдің тыныштығын қорғауға, төзімділікке, қырағылыққа төселуі қажет. Осындай айбарлы міндеттен жалтарып, әскерге шақырту келсе, бармаудың амалын іздеп, жалған анықтама дайындайтын жастардың әрекетіне қазіргі кездегі отбасындағы тәрбиенің осалдығы әсер ететіні сөзсіз. Яғни елжандылық пен отансүйгіштік қасиетті жас жеткіншектердің бойына сіңіруде кемшін тұстарымыз басым болғандықтан әскерден жалтарғандардың қатары көбейіп барады.
Жыл сайын көктемгі және күзгі әскери мерзімге шақырту жүргізілгенде қаншама азаматтың міндетін өтеуден қашқақтайтыны белгілі болады. Ал бұл дегеніміз болашақта ел қауіпсіздігін қорғайтындардың қатары сирейді деген сөз. Осы күні жүргізіліп жатқан көктемгі әскери мерзімге сарбаздар жасақтау кезінде кездесіп жатқан қиындықтардың бар екенін аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы, майор Б.Сейтов айтты:
– Отанның адал ұлдары әскери парызын өтеуге міндетті. Осы бағытта жұмыстарды үйлестіріп келеміз. Бізде жылына екі рет мерзімді әскери қызметке шақырту жұмыстары жүргізіледі. Биылғы көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру 30 маусымға дейін жалғасады. Ер азаматтың қасиетті борышы саналатын әскери міндетті өтеуге асықпайтындар да бар. Олар әскери міндеттен жалтарып жүргендер. Қазақтың қаһарман батыры Бауыржан Момышұлы «Қашу – жаудан құтылудың жолы емес, өлімнен де жаман, ауыр опасыздық» деп бекер айтпаған. Сондықтан әскери міндеттен жалтару – абырой емес.
Еліміз бойынша биылғы жылдың 1 наурыз бен 30 маусымға дейін қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың қатарын әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға негіздері жоқ, 18 бен 27 жас аралығындағы жиырма мыңнан астам ер азамат толықтырады, – дейді.
Қуатты әскер – мемлекеттің айбары
1991 жылы өз іргесін бекіткен еліміз айбарын нығайту мақсатында Қарулы күштерін құрды. Тиісті заң өмірге келіп, арада бір жыл өткен соң «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» деп белгіленіп, сол жылы тұңғыш рет әскери шеру өтті. Атаулы күн 2013 жылға дейін кәсіби мереке болса, кейін мемлекеттік мәртебе беріліп, Қарулы күшіміздің айбары айшықталды. Ұлттық әскер – егемен еліміздің айбыны. Тәуелсіздігіміздің баянды болуы қауіпсіздігінің бекемдігінде және тыныштығын қорғайтын әскерінің беріктігінде. Мемлекетті қорғайтын айбынды әскердің қалыптасуын ұлттық әскерсіз, қарулы күшсіз елестету мүмкін емес. Қазақстанның әскері айбыны асқақ, беделді күшке айналды.
Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің мақсатымыз – шекарамызды, тәуелсіздігімізді және халқымыздың тыныштығын бұзуға бағытталған кез келген әрекетті тойтаруға дайын жинақы әрі қуатты армия құру. Біз Отанның кез келген бұйрығын орындауға дайын болу үшін өз шеберліктерімізді шыңдай түсуіміз қажет. Жауынгерлерді, кіші офицерлерді осы жолда тәрбиелеу керек», – деген болатын.
Егемен еліміздің тарихында аты да, даңқы да ерлікпен, еңбекпен шыққан батырларының есімі алтын әріппен жазылады. Сондықтан антына адал батыр бабаларымыздың атына сын келтірмей, абыройлы жолды жалғайтын жастарымыз барда тұғырымыз нық болады. Отан әскерден жалтаратындармен емес, оны қорғай білетін ер азаматтарымен мәңгі жасайды.
Сарбаз – Ұлттық идеологиямен сусындауы керек
Біз айтып отырған мәселені ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов бірер ай бұрын көтерген болатын. Әлеуметтік желідегі парақшасында бүгінгі әскер беделінің төмендеп кеткенін жариялады. Қазақстан әскеріне жауапты мамандармен кездесіп, пікірлесуде бүгінгі әскер жайы туралы көп көкейіндегі мәселені көтеріп, сарбаз ұлттық идеологиямен сусындау қажет екенін, тіпті әскерде ана тілінде сөйлеуі қажеттігін алға тартты.
«Жасыратыны жоқ, бүгінгі әскер жайлы жайсыз әңгіме көп. Қалың қазақтың ортасынан шыққан соң елдегі жағдай бізге белгілі. Әскерге баласын жібергісі келмейтіндер де баршылық. Осы мәселе мені көптен толғандыратын. Халық сауалына орай Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті Қазақстан әскеріне жауапты тұлғаларды шақырып, ортақ мүдде тұрғысында ашық сұхбат жасадық.
Кейбір мәліметтерде, әскерге міндетті борышкерлердің 60 пайызы енжарлық немесе қорқақтықтан бас тартса, 30 пайызы жарамсыздық себебінен әскерге бармайды екен. Тек 10 пайызы ғана өздігінен әскерге баруға ынталы. Ойланарлық дерек!
Ұлттық идеологияның кемшін тұсы жетерлік. Мемлекеттік тіл әлі де ақсап тұр. Бұдан басқа да түйінді жағдайлар кездесіп қалады. Неге әскердің беделі түсіп кетті? Міне, мені толғандырған сауал осы бағытта өрбіді», – деп жазды сенатор. Одан әрі Р.Рүстемов:
– Қазақтың ақыны Мұзафар Әлімбаевтың мынадай өлең жолдары бар:
«Түрі жоқ деп түсіне, Тыжырынба, ардақтым. Сұр шинельдің ішінде Жүрегі бар солдаттың». Біз тілге тиек етіп отырған мәселенің бірі – сарбаздың жүрегіне үңіле алмай жатырмыз. Біздің әскеріміздің алдында екі өзекті мәселе тұр. Біріншісі – әскердегі сарбаздың жәбірленуі, екіншісі – әскер беделінің төмендеп кетуі. Кеңес одағы кезінде керзі етікті киіп, шинельді үстіне іліп, сол жолдан өткен азамат ретінде ұсыныс айтқым келеді.
Алаш қайраткерлерінің өзі ұлттық мемлекет құру идеясын ұлттық жасақтар құрудан бастағаны бекер емес. Жалпы қарулы күшке терең мән берген. Сіздермен кездесу алдында құжаттарыңызды қарап шығып едім. Мемлекеттік тілде ақпарат жоқ екен. Әскерде сапта тұрған сарбаздың 80 пайызы – ауыл баласы. Ал оған ұлттық идеология жетіп жатқан жоқ, – деген сенатор ұлттық идеологиясын қалқан еткен түрік әскерінің бүгінгі нәтижесін мысал етті. Сонымен қатар арнайы басылымда да әскер беделін көтеретін әрі сарбаз өмірінен мағлұмат беретін еш ақпарат жоқ екенін алға тартты.
Әскери борышты өтеуден қашудың себебі неде?
Қорғанысымызды қамтамасыз ететін әскерге қарата айтылатын сын аз емес. Әскердің әлеуетіне Президент тарапынан біраз сын-ескертпелер айтылып келеді. Қорғаныс саласының қызметін қайта жүйелеп, азаматтарымызды, конституциялық құрылымды, егемендігімізді сақтап қалуға барынша жұмыла жұмыс істеуі тиіс екендігін күштік құрылым басшыларының қаперіне салуы бекер емес. Әсіресе, жастарды әскерге тарту мәселесіне ерекше назар аударып, әскер қатарында қызмет ету айрықша миссия екенін алға тартты.
«Көптеген жас азаматтарымыз Қарулы Күштер қатарында әскери борышын өтеуден қашады. Әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды. Жастарымызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын біз бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек» деп аға буынды жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге шақырды. Орын алып отырған олқылықтың орнын толтыру, жастардың әскерге деген ынтасын арттырудың тетігі неде?
ҚР Қарулы Күштері жүйесінде 18 жастан 27 жасқа дейінгі ер азаматтарға әскери қызмет міндеттелген. Алайда, соған қарамастан еліміз әскер саны бойынша 133 елдің ішінен 57 орында тұр. Мұны елдегі халық санымен түсіндіруге болады және әскерге барушылар саны азаюда. Жыл сайын міндетті қызметке 16000 адам шақыртылса да, шақыртумен барушылар әскердің тек 30%-ын құрайды. Яғни, жоспарланған жасақ құрамына жетпей келеді.
Жастардың көпшілігі әскерге барғысы келмейді. Оның орнына 40 күндік ақылы әскери қызмет түрін оқып алғанды жөн көреді. Тіпті бармау мақсатында түрлі әрекеттерге барудың айла амалын жасайды. Жалпы азаматтық борыш деп есептелетін әскери қызметтен неге қашады?
Жас жігіттер әскерге барған кезеңде көптеген мүмкіндіктерден айырылып қаламыз деп ойлайды. Уақытылы қатарынан қалмай оқудан, мансап құрудан кеш қаламыз деген ой көп кездеседі. Бірақ ескеретін жағдай, көп жағдайда жұмысқа кіру кезінде әскери билеті міндетті екенін ұмытпаған жөн.
Әскерден жалтарудың тағы бір себебі – көпшілік қазіргі заманда әскердің маңыздылығы жоқ екенін айтады. Ал ел басына қауіп төндіретін төтенше жағдай кезінде әскери жасақ өте маңызды болады. Әскер тапшылығы орын алады.
Әскерден жалтарудың тағы басты себебі – жастар әскери қатаң өмірден жүрексінеді. Емін-еркін өскен бозбала қатаң тәртіпке төзуден сескеніп, әскери кафедраларға барып қайтқанды жөн көреді.
Әскер – өмір мектебі
Әлеуметтік желіден тарайтын ақпарат көздері әскердегі қысым, зорлық, қылмыс туралы жиі айтады. Әскерге он екі мүшесі сау барған азаматтың мүгедек не мерт болып оралғанын көріп те естіп те жүрміз. Мемлекет тарапынан жастарды әскерге үгіттеу, жігерлендіру, әскер – нағыз азамат болып, шыңдалатын орта екеніне сендіретін іс-шаралар жоқтың қасы. Аға ұрпақ «әскер – өмір мектебі» дейді. Ардагер Б.Жарылқаповтың айтуынша, әскерге бару әрбір азамат үшін абыройлы міндетке айналуы тиіс.
– Біздің заманымызда жігіттер әскерге бармаса ұят саналатын. Әскерден қашу деген әңгіме болған емес. Кемі екі жыл бойы елден жырақта жүріп, борышымызды өтейтінбіз. Әскери қызметін мінсіз атқарғандарды демалысқа үйге жіберетін. Егемендік алған елімізде әскери міндетті өтеу мерзімі бір жылға қысқарды. Барлық сарбаз өз еліміздің әскери бөлімшелерінде міндетін өтейді. Сонда да болса әскерден жалтаратындар көбеймесе, азаймай тұр. Бұл қоғамымыздағы ең түйіткілді мәселелердің біріне айналды. Ер азаматтар әскерден жалтара берсе Отанымызды кім қорғайды? – дейді ардагер.
Ал жақында баласы әскерден оралған кент тұрғыны Ажар Есенкелдиева әскер туралы өз пікірін былайша білдіреді:
– Менің балам Бекзат Жасұланов Сарыөзектегі 29108 әскери бөлімде, 44-ші шабуылдаушы артиллериялық бригадада Отан алдындағы міндетін өтеп келді. Балам 21 жасында әскерге кетті. Әдепкіде балам әскерге кетемін дегенде төбемнен жай түскендей болды. Оқуын бітіріп, жұмыс істейтін кезде әскер қатарына алынды. Өзінің қатарластары әскерге барып келгендіктен баламның да қызығушылығы болды. Бірақ жалғыз балам болғандықтан, әскери бөлімшелерде болып жатқан сұмдық оқиғаларды естіп жүргендіктен әскерге жіберуден қорықтым. Сонда да ер-азаматтың парызы деген патриоттық сезім басым болып, балам әскерге аттанды. Осы өткен бір жыл ішінде балам өзгеріп келді. Әскери тәртіпке, тазалыққа үйренді. Әскерде қатаң тәртіп бар. Әскерде барлығы жаман деп айтуға болмайды. Сарбаздарға қамқорлық көрсетіп, қиыншылық болғанда қол ұшын беретін адамгершілігі мол азаматтар да бар. Менің балама қолдау білідірген взвод командирі, сержант Әлішер Кенжетайға аналық алғысымды білдіргім келеді. Өте жақсы азамат, өз мүддесінен гөрі өзгенікін жоғары қоятын жігіт екен. Көзімнің ағы мен қарасы болған жалғыз балам аман-есен келгеніне қуандым. Әскери міндеттін өтеп келді, – дейді баласы үшін шырылдаған ана.
Сарбаздар қандай жеңілдіктерге ие болады?
Әскери қызмет бойынша сарбаздарға жасалатын жеңілдіктер де жоқ емес. Соның бастысы «кредиттік демалыстың» берілуі. Мерзімді әскери қызметшілер әскери қызметін өткеру кезінде басындағы несиесін уайымдамайды. Яғни жастардың әскерден жалтаруға несие себеп бола алмайды. Бұл жайында әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс басқармасының басшысы Фархат Айдарбаев сарбаздарға қандай жеңілдіктер жасалып отырғаны туралы:
–Шақыру науқаны кезінде банкке берешек қарыздар мен микрокредиттер туралы мәлімет қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне бірден жіберілетін болады. Осы деректердің негізінде кредиторлар негізгі борыш, сыйақы бойынша төлемдерді кейінге қалдыру және берешекті өндіріп алудың барлық нысанын тоқтата тұру мәселелерін пысықтайды. Төлемдерді кейінге қалдыру кезеңінде несие беруші сот ісін жүргізуді, берешекті өндіріп алу бойынша нотариусқа жүгінуді, тұрғын үйді сатуды, қарыз алушының отбасын үйден шығаруды тоқтатады. Өткен сот актілері бойынша берешекті өндіріп алудың барлық нысандары да тоқтатыла тұрады, – деді.
Басқарма басшысының айтуынша, үздік деп танылған мерзімді қызметтің сарбаздары тегін оқиды. Қорғаныс министрлігі елдің 70-ке жуық жоғары оқу орындарымен бірлесіп, мерзімді әскери қызметін өткерген азаматтар үшін жоғары оқу орындарында тегін оқуға 3 мың орын қарастырған.
Аталған жеңілдік мерзімді әскери қызмет өткерген барлық азаматтарға ҰБТ тапсырмай, әңгімелесу арқылы әскери борышын өткергеннен кейін екі жыл ішінде ақылы түрде ЖОО-ға оқуға түсу мүмкіндігін беруді көздейді. Ал мерзімді қызмет кезеңінде жауынгерлік даярлықта тәртіпті және жоғары нәтижелерге қол жеткізген жекелеген, неғұрлым лайықты әскери қызметшілерге ЖОО есебінен тегін жоғары білім алу мүмкіндігі берілетін де айту керек. Сарбаздардың ақылы да, тегін оқуға мүмкіндігі бар.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Әскери міндеттен жалтарудың жазасы қатаң. ҚР Қылмыстық Кодексінің 387-бабында әскери қызметтен жалтару немесе бас тартудың жазасы қандай екені ескертілген. Бұл бапта әскери қызметтен босатуға заңды негіздер болмаған кезде осы қызметке шақырудан жалтару – 1000 АЕК -ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынатыны айтылған. Немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 1 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге жазаланады. Мұндай мәтіндегі ескертпе хат әрбір әскери міндетті өтеуге шақырылғандарға беріледі.
Иә, бойындағы күш-жігерін бір-біріне емес, елді қорғауға жұмсайтын жауынгерлер керек. Сонда ғана шекарамыз шегендеулі, шебіміз мықты ел боламыз.