АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК АЛУШЫЛАР: «МАЛ ЖЕМЕЙТІН АЗЫҚТЫ БАЛАМЫЗҒА ҰСЫНЫП ОТЫР»

1 882
Қызылорда қаласында атаулы әлеуметтік көмекті алушы отбасыларына  мерзімі өткен  азық-түлік себеті таратылуда,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекетіміз аз қамтылған және де көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында 2020 жылы бастау алған атаулы әлеуметтік көмекті мұқтаж отбасыларына берілуге шешім қабылдаған болатын. Алайда, аз қамтылған отбасылардың 3 ай бойы күткен азық-түлігі көмек алушылардың қуанышына су сепкендей болды. Олай деуге басты себеп, көмек ретінде берілген дәнді-дақылдар түрлі қоңыздар мен құрттарға толы деген ақпарат әлеуметтік желілерде кеңінен тараған болатын.



Мемлекет тарапынан АӘК алушылардың барлығы бірауыздан келісіп алғандай «Сапасы өте нашар», «Мал екеш, мал да жемейді», «Жыл сайын осылай жарамсыз заттар береді», «Қанша шағым айтсақ та, нәтижесіз» деген азық-түлік себетіне қатысты сыни пікірлерді көптеп кездестіреміз. Алайда, бұл жолы жағдайы төмен отбасына берілген көмектің сұлы жармасынан және де бұршақ ішінен түсініксіз қара  заттардың шыққандығы ел арасында тез тарады.



Мемлекет тарапынан берілетін тиісті көмекті алу үшін бүгінде аналарымыз жаға жыртысып, ұзын сонар кезекке тұрып қол жеткізген азық-түліктің сапасы сын көтермей тұр. Алайда, әлеуметтік желіде жарияланған ақпарат бойынша анық-қанығын білу үшін бізде ат басын аталмыш мекемеге бұрдық. 
Мемлекеттік сатып алудан жеңіске жеткен «Ажар Сити»  сауда орталығы қаңтар, ақпан, наурыз айларының азық-түлігін беруді 25-сәуірде бастап та кеткен. Десек те, жас ерекшелігіне қарай 1-3 жас және 3-6 жасқа дейінгі аралықта берілетін азық түлік себеті мемлекет тарапынан мақұлданып, бекітілген. Алайда «Ажар Сити» СО-ның жағдайы төмен отбасылар үшін берген  бұршақ ішінен шыққан қоңызды растап отыр. 




Бұл туралы сауда орталығының АӘК алушыларға азық-түлік үлестіру бойынша қызметкері:

«Үш айдың азық-түлігін тығыз уақыт арасында халыққа беру керек болатын. Екі бірдей қаладан алдырған бұршақтың екі түрлі келім болып, оның ішінде екі қаптан өсімдік қоңызы шыққан. Ол әлеуметтік желіде айтылғандай құрттап кеткен емес» , - деді Бағила Балтабайқызы.

Сауда орталығының қызметкерлерінің айтуынша, егер  дәл осындай қоңызы бар бұршақты алып келсе, жаңа тазартылған түріне ауыстырылып берілетіндігін алға тартты. 
Алайда, түсірілім барысында олқылықтар орын алып, 1-3 жас аралығында берілетін Бегемотик «БОНДИ»  атты балалар печеньесінің сақталу мерзімі өзгертілгендігін де байқадық. 
Бұл жөнінде «АЖАР СИТИ» сауда орталығының басшысы бейхабар екендігін түсіндіріп әлек. Алайда, «Раманов и Ко» ЖШС-не қарасты «Ажар Сити» сауда орталығының жанынан  таратылатын азық-түлік пакетінен аталмыш «БОНДИ» печеньесінің мерзімі өткен түрі бар екендігі де анықталды.




 Бұл жөнінде орын алған оқиға барысында  болған  Қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар хал актілерін тіркеу бөлімінің сектор меңгерушісі
«Дайындалған азық-түлік ішіндегі мерзімі өткен «Бонди» печеньесін өзгертіңіздер. Егер болмай жатса келесі айда қосып берулеріңізге болады. Бірақ берілу тоқтатылып, жаңасына өзгертіңіздер»,- деді  Ақкенже Жүнісова.

Кепілдендірілген әлеуметтік көмекті алушылар арасынан да берілетін азық-түлік тарапына шағамын айтқандар да бар. Әлеуметтік көмек алушылардың бірі, шындығында біздің билік біздің балаларымызға мал жемейтін азықты ұсынып отыр деп наразылығын білдірді. 

«Алдыңғы тоқсанда берілген сүт өнімі ұйып қалған. Ал манныйдың ішінен құрт шықты. Балаларға беруге қорықтым. Енді міне, кешелі бері инстаграммнан оқып отырмыз ғой. Ол баяғыдан осылай, тексеретін ешкім жоқ па сонда?» , - деді көпбалалы ана Мөлдір.

«Бұл аз қамтылған және көпбалалы отбасыға берілетін азық-түлік. Мемлекет тарапынан беріледі, іріген-шіріген құрттаған тамақ берілгені дұрыс емес», - деді Светлана.



Осы орайда, қала әкімдігі тарапынан халық наразылығына сәйкес Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға таратылып жатқан азық-түлік топтамасына зерделеу жұмыстарын жүргізу мақсатында қала әкімдігі жанына арнайы комиссия құрылып, тексерілгендігі де белгілі болды.

Алайда, балалар печеньесінің  мерзімі өткендігі бойынша алдағы уақытта толыққанды мағлұмат беріліп, жарияланатындығын хабарлаймыз.



АЙГЕРІМ РАХЫМЖАНҚЫЗЫ