Бәсе­кеге қабілетті ел болудың негізгі түп тамыры - сапалы білім беру­

1 506

Pixabay.comХХІ ғасыр – ел дамуының негізі білім мен ғылым заманы, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.


Бәсе­кеге қабілетті ел болудың негізгі түп тамыры сапалы білім беру­ден басталатыны белгілі. Білім айдынындағы үлкен кеме мектептің білім беру жүйесіндегі алар орны мен рөлі ерекше. Осы ретте, Сырдария ауданының орталығынан шалғайда орналасқан Коғалыкөл ауылының №44 орта мектебінің тыныс-тіршілігі, тарихы, жетістіктері, атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар жөнінде мектеп директоры Ғалымбек Жаппаровпен сұхбаттасқан болатынбыз.


– Ғалымбек Махмұтұлы, «Елді ояту үшін тарихты ояту керек» демекші, тарихсыз болашақ жоқ екенін жақсы білеміз. Осы тұста ауыл мектебінің тарихы туралы айтып берсеңіз.


– Әр нәрсенің де түп тамыры, бастау алған негізі болатыны сияқты, 87 жыл бойы ұрпақ тәрбиелеп, оларға білім мен тәлім-тәрбие беріп келе жатқан іргелі білім ордасының негізі тым әріде жатыр. 1937 жылы құрылған мектепті ең алғаш 10 оқушы бітірген. 1938 жылы құрылған ауданда сауатсыздықты жою мақсатында 26 мектеп ұйымдастырылып, оларда барлығы 2734 бала білім алған. Ол кезде кітап оқуға жарайтын азаматтар ұстаз атанып, мектептерде сабақ берген. Сұрапыл соғыс жылдарында 11 мек­теп жетіжылдық деңгейінде жұмыс жүргізген, тек 1954 жылы ғана орта мектеп болып қайта құрылды. Мектептің алғашқы бітірушілері – 21 бала. Одан бері де №44 орта мектепті 4000-дай оқушы бітіріп шықты. Олардың елуге жуығы алтын және күміс медальдардың, үздік аттестаттардың иегерлері. 87 жыл тарихы бар мектептің шәкірттері осал емес. Мектеп түлектерінің ішінде 3 профессор – Шәркүл Күдебаева, Жеңіс Өтемісов, Қазыбай Құдайбергенов, 2 ғылым докторы Әпжаппар Әбілақов, Жорабек Сарбалақов, 25 ғылым кандидаттары бар. Жалпы айта берсек, бүгінде еліміздің дамуы мен өркендеуіне сүбелі үлес қосып, халыққа адал қызмет етіп жүрген түлектеріміз жетерлік және ол кісілермен мақтанамыз.


– Мектептің бүгінгі жағдайы мен педагог маман­дардың құрамы жөнінде айтсаңыз?


– Мектептің типтік жобадағы 624 орындық 2 қабатты жаңа ғимараты 1987 жылы пайдалануға берілген. Бүгінгі таңда мектеп қабырғасында барлығы 499 оқушы білім алуда. Оның ішінде І ауысымда оқитыны – 259, ал ІІ ауы­сымда – 240 оқушы бар. Ыстық тамақпен қамтылған бала саны – 230, сынып комплектісі – 25. Мектепте жалпы 90 мұғалім жұмыс істейді. Осы 90 мұғалімнің 22-сі педагог-зерттеуші, 26-сы педагог-сарапшы, 21-і педагог-модератор. Мұғалімдеріміздің 87-сі жоғары білімді, 3-еуі аяқталмаған жоғары білімді. Оқу кабинеттерінің саны – 20. Оның ішінде, арнайы жаңа үлгідегі жабдықталған мультимедия кабинеті, физика кабинеті, робототехника, химия және биология кабинеттері бар. Мектепте оқушылардың білім алуы мен шығармашылығын шыңдауға барлық жағдай жасалған деуге болады. Былтырғы оқу жылында ардагер ұстазымыз Шарбан Әсемова апайымыздың ұрпақтарының демеушілігімен биология кабинетін апайдың атына беріп, ішін толық жабдықтап берді. Мектеп ұжымы тәжірибелі педагогтармен қатар жас мамандармен толығып, бүгінде аға буын жастарға білмегенін үйретіп, бағыт-бағдар беруде. Әр маманның өзіндік орны мен ерекшелігі, қарым-қабілеті мен біліктілігі бар және оны бағалаймын. Алтын ұямыздың жақсы жағынан аты шығуына, дамуы мен жетістіктерге жетуіне біркісідей атсалысып, тынымсыз еңбек етіп жүрген ұстаздарымыздың еңбегі ерен.


– Мектеп басшысы ретінде өзіңіз туралы қысқа­ша айтып берсеңіз…


– 1979 жылы осы Қоғалыкөл ауылында дүниеге келгенмін. 1996 жылы 11 сыныпты аяқтап, сол жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне «физика қосымша математика пәнінің мұғалімі» мамандығына оқуға түсіп, 2000 жылы ойдағыдай бітірдім. Алғашқы еңбек жолымды өзім туып өскен Қоғалыкөл ауылының №44 орта мектебінің физика-математика пәнінің мұғалімі болып бастадым. 2002-2005 жылдары №44 орта мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 2005-2007 жылдары №44 орта мектепте физика пәнінің мұғалімі, 2007-2008 жылдары Қызылорда қалалық №6 кәсіптік мектепте математика пәнінің оқытушысы болып еңбек еттім. 2009 жылы 5 қарашадан Жетікөл ауылындағы №174 орта мектепте физика пәнінің лаборанты, 2010 жылы №174 орта мектепте физика пәнінің мұғалімі, 2010-2011 жылдары №174 орта мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 2011-2013 жылдары №174 орта мектепте директордың бейінді оқыту ісі жөніндегі орынбасары, 2013-2018 жылдары №174 орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқардым. 2018-2024 жылдары Іңкәрдария ауылындағы №191 орта мектебінің директоры болсам, биылдан бастап №44 орта мектебінің директоры қызметін атқарып келемін. 2018 жылы облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемовтың Алғыс хатымен, 2019 жылы облыстық білім басқармасының Құрмет грамота­сымен марапатталдым. Одан бөлек 2019 жылы Сырдария аудан­дық білім бөлімінің Алғыс хаты, 2021 жылы «AMANAT» партиясының «Алғыс хатымен», 2022 жылы Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының «Құрмет грамотасымен» марапатталған болатынмын. Бүгінде аяулы жарыммен екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған әкемін.


– Түлектердің мектеп бітіруіне де аз уақыт қалыпты. Осы орайда биыл қанша түлек мектеп бітіреді және ҰБТ-ға дайындық қалай?


– 2023-2024 оқу жылында 35 бала мектеп бітіргелі отыр. Олардың 23-і ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген. Оқушыларға кәсіптік бағдар беру мақсатында түсінік жұмыстары жүргізіліп отырады. Қазіргі уақытта мектеп көрсеткіші Ұлттық Бірыңғай тестілеумен саралануда. Оқу жылының басынан ҰБТ-ға дайындық жұмыстары бір жүйеге қойылған. Әр ай сайын сынама тест қорытындысы бойынша ата-аналар мен пән мұғалімдерінің қатысуымен жиналыс өткізіліп келеді. Мектепте ҰБТ-ға дайындық кестесі жасалған. Дайындықты білікті, тәжірибелі мұғалімдер жүргізу жағы қатаң қадағаланады. Мектептегі дайындықпен қоса оқушыларымыз «140» оқу орталығымен де тығыз байланыста. Қазіргі уақытта «Алтын белгіге» үміткер 3 оқушы және «Үздік аттестатқа» үміткер 2 оқушымыз бар. «Алтын белгіге» үміткер Дариға Зиябілова 126 балл, Айым Исламбек 117 балл алып отыр. ҰБТ-ның 3-кезеңіне де оқушыларымыз толық тіркеліп болды.


– Оқушылардың пән олимпиадаларына қатысу деңгейінің көрсеткіші және жеткен жетістіктеріне тоқталсаңыз.


– Оқушыларымыз әр жыл сайын өтетін аудандық, облыстық, республикалық пәндік олимпиадаларға белсене қатысып, жоғары нәтижемен жүлделі орындардан көрініп келеді. Одан бөлек түрлі спорттық сайыстар мен білім бәсекелеріне қатысып, аудан намысын қорғап, атын шығарып жүр. Атап айтқанда, ауыл олимпиадасының облыстық кезеңінен жүлдегер атанған оқушылар қатарында Қазақстан тарихынан Сая Жамбыл ІІ орын, құқық негіздерінен Әділет Жұмабек ІІ орын, ағылшын тілінен Мөлдір Жалғас ІІ орын, биологиядан Жансая Оспанова ІІІ, географиядан Айғаным Қараман ІІІ орын, құқық негіздерінен Ұлжан Бауыржанқызы ІІІ орын, математикадан Гүлім Аймағанбетова ІІІ орын, химиядан Жанель Биболь «Алғыс хатпен», математикадан Ләйлә Бақытқызы «Алғыс хатпен» марапатталды. Одан бөлек Айғаным Баймағанбет пен Әсет Қуаныш «Есірткісіз өмір ғажап» граффити сайысының облыстық кезеңінен «Алғыс хатпен» марапатталды. Расул Азаматұлы мен Ахмадин Дауылбай «Алтын сақа» олимпиадасының аудандық кезеңінен І орын, облыстық кезеңінен ІІ орын иеленді. «Алтын белгіге» үміткер Айым Исламбек «Алтын түлек» олимпиадасының облыстық кезеңінен І орын, республикалық кезеңінен ІІІ орын иеленді. Айғаным Баймұғамбет «Шексіз өмір» ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған республикалық фестивальдің облыстық кезеңінен І орын, ал республикалық кезеңінен бас жүлде иемденіп, мектебіміздің атын шығарған болатын. Осы ретте, оқушылардың жетістіктерге жетуіне бірден бір себепші болған жетекшілері Б.Көшекбаева, Н.Күдербаева, Г.Меңліхожаева, Ф.Дос­мағанбетова, Ғ.Ку­ли­ко­ва, У.Қожаназарова, Г.Әмзеева, Л.Медетова, Б.Аяпова, Ғ.Қырданов есімдерін атап өту орынды деп ойлаймын.


– Сұхба­ты­ңызға рақмет!