"Егер менен хабар үзіліп қалса, жағдайдың қиындағаны деп түсініңдер", - шетелге жұмыс істеуге кеткен жігіт жоғалып кетті

274
Дубайға жұмыс істеуге кеткен қазақстандық азамат жоғалып кетті, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі LIFE09 сайтына сілтеме жасап.



Исламбек Қазбеков 2022 жылдың қыркүйек айында Дубай қаласына жұмыс істеуге кеткен. Бірақ жыл соңына қарай Исламбек достарына белгісіз адамдардың айтуымен Таиландқа ауысқанын айтқан. Кейіннен Таиланд, Лаос, Мьянма елдерімен шектесетін «Золотой треугольник» деген жерге алданып келгенін айтқан. Бірақ  27 желтоқсаннан бері байланысқа шықпаған.

Жоғалған азамат соңғы хабарламасында түсініксіз жайттардың болып жатқанын достарына ескертіпті.

Золотой треугольник» деген жерге келгенше 10 посттан өттік. Қайда тап болғанымды сонда келгенде ғана түсіндім. Жанымда 1 қазақстандық жігіт, 2 пәкістандық және тағы бір адам бар. Бізге басында аудармашы боласыңдар деген, кейіннен сату жұмыстарымен айналысасыңдар деді. Сатудан қажетті ақшаны таппасаңдар, ақшаны өздерің төлейсіңдер деп айтты. Ал ол ақшаны өтеп бере алмасақ  ұрамыз, құлдыққа саламыз, түрмеге қамаймыз дейді. Енді бір амал болса, қайтып кетуге тырысамыз. Егер менен хабар үзіліп қалса, жағдайдың қиындағаны деп түсініңдер,  – делінген жоғалған жігіттің соңғы хабарламасында.

Жоғалған қазақстандық азаматтың достарының айтуынша, Исламды  құлдықта ұстап отыруы мүмкін.

Мемлекеттік органдар жоғалған азамат туралы қандай да бір ақпарат білу үшін жұмыс істеуде. Аталған жерде заңның күші аса жүре бермейді. Бұрынғы тәжірбиелер көрсеткендей, ол елдерде осындай жағдайға тап болған адамдарды қайтару үшін қомақты қаржы сұрайды.