"БАЛАЛАР ҮШІН МЕДИЦИНАЛЫҚ ТӨЛЕМ ТӨЛЕНЕДІ"

356
Балалар жылы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мамандары балалар медицинасы қалай қаржыландырылып жатқанын түсіндірді, -  деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Қазіргі таңда  МӘМС жүйесінде 6,5 миллион бала сақтандырылған, оның ішінде 316 мың Қызылорда облысының балалары. Әрбір бала үшін мемлекет ай сайын 2 989 теңге мөлшерінде жарна аударады екен. Осының арқасында балалар МӘМС пакетінде медициналық көмектің кеңейтілген тізіміне қол жеткізе алады дейді мамандар. Алайда жаттандылықтан шаршамайтын мамандар бүгінгі Өңірлік коммуникация қызметінің ұйымдастыруымен өткен кездесу барысында жаттанды жауапты журналистерге жеткізген болатын.

Атап айтқанда, жаңа туған сәбиден бастап 18 жасқа дейінгі балалар үшін аурудың алдын алуға және балалар денсаулығын нығайтуға аса маңызды көңіл бөлінген. Бүгінгі күнге дейінгі ақпараттар легіне сүйенсек 2021 жылы МӘМС жүйесінде туғаннан бастап 5 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық тексеруді жүргізуге 12 млрд теңге аударылса, 2022 жылы 802 миллион теңге бөлініп отыр.
Сонымен МӘМС жүйесі 18 жасқа дейінгі балаларға қандай тегін медицина қызметтерін ұсына алады? 
Стоматологиялық көмек, оның ішінде  тісті жансыздандыру және жұлу; пломба салу; абсцесстерді ашу; пульпит, периодонтитті емдеу;игипоплазия, флюороз кезінде тістің анатомиялық пішінін толық функционалдық қалпына келтіру; еріндер мен тілдердің пластикасы; ренгенография; ортодонтиялық қызметтер: жақ-бет аймағының туа біткен патологиялары және таңдайдың бөлінуі, яғни жырық таңдай. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиал директоры:


«Егер сіздің балаңызға тіс дәрігерінің көмегі қажет болса, онда сіз өзіңіздің емханаңызға да, қордың әлеуетті жеткізушісі болып табылатын жеке стоматологияға да жүгіне аласыз. Олардың тізімін fms.kz "медициналық қызметтерді сатып алу" бөлімінінен көре аласыздар»,- дейді  Бақыт Исмаханбетов.

Сонымен қатар, мектеп медицинасы оған тікелей мектепке дейінгі және орта оқу орындарында профилактикалық медициналық тексерулер жүргізу, аурулардың алдын алу, вакцинация және балалар денсаулығын қорғауға және нығайтуға бағытталған басқа да іс-шаралар кіреді екен. 
Бүгінгі күні МӘМС жүйесі балаларды амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді көздейді. 65 нозология бойынша, оның ішінде орфандық аурулар, жүйке жүйесі, қан айналымы жүйесі, тірек-қимыл аппараты аурулары, дамудың кідірістері бойынша 244 дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдармен қамтамасыз етеді. 
Сонымен қатар, балаларға жоғары технологияларды қолдана отырып, шұғыл және жоспарлы қымбат операциялар тегін жүргізіледі. Неонаталдық хирургияның дамуында жыл сайын туа біткен даму кемістігі бар нәрестелерге 1000-нан астам операция жасалады. Олардың тиімділігі 88,5%-ды құрайды. Жылына 2 мыңнан астам кардиохирургиялық ота туа біткен жүрек ақауы бар балаларға жасалады. Оның 77,0%-ын өмірінің бірінші жылындағы балалар құрады, бұрын бүлдіршіндерді тек шетелге жіберген. Ашық жүрекке жасалатын операциялардың тиімділігі 95%-ды, эндоваскулярлық араласулардың тиімділігі 99,5%-ды құрады
Қызылорда облысы ауруханаларында жыл басынан бастап 17 жасқа дейінгі балаларға 1523 ота жасалып, оның 922-і шұғыл түрде өткен. 
 

АЙГЕРІМ РАХЫМЖАНҚЫЗЫ