Қазақстанда 40 млн га жайылымдық жердің пайдаланусыз жатқаны рас па?

303
Қазақстанда  40 млн га жайылымдық жердің пайдаланусыз жатқаны рас па? Бұл туралы ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов жауап берді, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі. 

"Біз ғарыштық мониторинг тәсілі арқылы жердің пайдалауын бақылаймыз. Бұл норма былтыр отандық заңнамаға енгізілген. Осы бақылаудың нәтижесінде 40 млн га жердің пайдаланусыз жатқаны туралы ақпаратқа қолымыз жетіп отыр. Оның 95% жайылымдық жерлер. Жайылымдық жерлердің тапшылығы бар екені бәрімізге мәлім. Алайда оларды қайтару мәселесі бір күнде шешілмейді. Конституциямызда жекеменшік құқықтары (жер иелерінің – ред.) қорғалған. Сондықтан пайдаланылмайтын жерлерді қайтару тек сот тәртібімен шешіледі. Біз осы жұмысты бақылауда ұстап, арнайы комиссия құрып, биыл бұл жұмысты жандандырамыз. Мысалы үшін, былтыр пайданылмайтын жерлердің 400 мыңы қайтарылған болса, биыл біз мұны 5 млн га-ға дейін жеткіземіз. Және сол жерлерді нақты пайданатын әрі ауылшаруашылық өнімін шығаратын отандық кәсіпкерлерге беру керек", деді Смайылов "Жаңа Қазақстан" бағдарламасына берген сұхбатында.

Шенеунік сонымен қатар еліміздегі ауылшаруашылық саласы қашан дамитыны жөнінде ойын айтты. 


"Ауылшаруашылығына салынған инвестиция ұзақ мерзімде қайтарылады. Сондықтан әр ел өз ауылшаруашылығына инвестиция бөледі. Біріншіден, инвестициялық тартымдылықты қамтамасыз ету үшін. Екіншіден, ауылшаруашылығында тұрақты жұмыс істеп, тұрақты жалақы төлеуі үшін. Ауылдық жерлерде халықтың 42% тұратынын ескеретін болсақ, ауылшаруышылық саласы әлеуметтік маңызы бар сала деп айтуға болады", - деді премьер-министр.