Ауыл шаруашылығы – облыс экономикасын дамытуға үлес қосатын маңызды саланың бірі. Сол себепті де жыл өткен сайын саланы қолдауға ерекше ден қойылады. Мәселен биыл мемлекеттік қолдаудың арқасында есепті кезеңде ауыл шаруашылығы саласынан 31,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім көрсеткіші 1,5 пайызға артқан, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Ал ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция көлемі 5,2 пайызға, тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға салынған инвестиция 28,1 пайызға өскен. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ерсұлтан Апетов мәлімдеді.
"Биыл облыс бойынша 191,5 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде негізгі дақыл күріштің көлемі 83,1 мың гектарды құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда жалпы егіс көлемі 2,9 мың гектарға, оның ішінде күріштің көлемі 7,8 мың гектарға азайтылды. Биылғы жылы да ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемдерін әртараптандыру жұмыстары жалғасын табатын болады. Қысқартылған күріш егісінің орнына суды аз қажет ететін мал азықтық, майлы дақылдар мен картоп, көкөніс дақылдарының егіс көлемдері ұлғайтылды. Бұдан бөлек, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жергілікті тұрғындарды өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету бағытында 5,0 мың отбасына ұжымдық түрде бақша егуге қосымша 3 364,4 гектар жер дайындалды. Осыдан бүгінгі күні 2 225 отбасы дайындалған 1 615 гектарға егін екті, оның ішінде 192 гектарға картоп, 410 гектарға көкөніс, 631 гектарға бақша дақылдары орналастырылды. Шаруашылық құрылымдары егілген ауыл шаруашылығы дақылдарын агротехникалық талаптарға сай күтіп – баптау жұмыстарын өз мерзімінде жүргізді. Сонымен қатар, көктемгі егіске қажетті 63,3 мың тонна минералдық тыңайтқыштар толық сатып алынып, пайдаланылса, күріш егістігінің 52,7 мың гектарына химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Барлық 3 799 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары жөндеуден өткізіліп, егін егу жұмыстарына қатысуда. Облысқа көктемгі егіс егу мен дала жұмыстарын жүргізуге барлығы 13,9 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді", – деді Ерсұлтан Амантайұлы.