«Мақсаттары мені өлтіру болған»: Қызылорда облысының тұрғыны Нұрлан Тұрманов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдады

674
Қызылорда облысының тұрғыны Нұрлан Тұрманов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алтыншы рет хат жолдады. Айтуынша, өзін айуандықпен қорлағандар әлі де жазасыз жүр. Бұл туралы Нұрлан  Адырна  ұлттық порталының тілшісіне айтып берді.

2013 жылы Қарағандыда тұратын құда баласы Беркінбаев  Айдос Нұрланнан өзінің мұнай өнімдерін заңсыз сатуды қолға алып жатқанын, Қарағандыда ірі баскесерлермен байланыста екенін айтып, Қызылордада контрабандалық мұнай өнімдерін өткізетін жер тауып беруін сұраған. Одан Нұрлан бас тартса да, Айдос қоймаған. Кейіннен Нұрланды алдап алып кетіп, «Аппақ Сәбит» лақап атымен танымал Өмірзақов Сәбитбек айуандықпен азаптапты. Қорлық көрген Нұрлан Тұрманов полицияға бірнеше рет шағымданып, нәтижесіз болғаннан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдаған.


«Өмірзақ Сәбитбек мені  41 жерден тырнағымның астына ине тығып, шабыма біз тығып, айуандықпен азаптады. Денсаулығыма зақым келтірді. Тіпті, өлтірмек те болды. Ақша бопсалады. Егер бермесең, 8 оқитын қызыңды зорлаймыз деп қорқытты. Олар әлі күнге дейін бостандықта жазаларын алмай жүр», - дейді Нұрлан.

Нұрлан Президент Қасым Жомарт Тоқаев билікке келгелі бері 6 рет хат жолдаған. Оның алаңдауы тек өзі үшін ғана емес, өзі сияқты жәбірленушілердің болмағанын да қалайды. Өзінің лас істеріне араластырмақ болған Өмірзақов Сәбитбектің атына қанша арыз жазса да, оған қатысты істердің барлығы жауапсыз болатынына қапалы. Өйткені, Аппақ Сәбиттің тіреуі мықты дейді.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырза! Елдің ішіндегі тыныштықты күзететін Ұлттық қауіпсіздік басқармасы 2017 жылы 16 мамыр күні Қызылорда, Тараз, Шымкент қаласында арнайы спецоперация жүргізген. Ол ұйымдасқан топ «Аппақ Сәбит» лақап атымен танымал Өмірзақов Сәбитбек пен Қарағандының қылмыс серкесі болып отырған Беркінбаев Айдос, Телеуов Нурлан, Иманкулов Нурболаттың бас аяғы 40-қа жуық айуандықпен айналысқан бопсалаумен айналысып жүргені туралы 5 жыл бойы арызданып жүріп, тек 2017 жылы ғана қозғалыс болған еді. Бірақ үйымдасқан топтың ішінде тек басты серкесі Аппақ Сәбитті ұстап, кешке қайтарып жіберді. Ол шығысымен сол кездегі Өскемен облысының прокуроры, яғни ауылдасы Тәйімбетов Бағланға хабарласып болған жәйді аитқаны үшін Өскемен прокуроры Тәйімбетов Бағлан 2 жылдан аса жұмыссыз жүрді. Н. Ә. Назарбаев мырза елбасылығынан кеткен соң қолдаушысы мен қорғаушысы күшті болды ма, Солтүстік өңірдің облыс прокуроры боп шыға келді. Қылмыс әлемінің серкесінің де крышасы осы генерал екенін біле тұра Республикалық Ұлттық қауіпсіздік басқармасы қалай жібере қойды?», деп басталады Нұрланның хаты.

Хат мәтініне тоқталар болсақ,  «Аппақ Сәбит» лақап атымен танымал Өмірзақов Сәбитбек есімді азамат анаша өсіріп-сатумен айналысады. Сонымен қатар, қылмыстық топ ұстап отыр.  Оны құзырлы органдардың барлығы танып, одан ақша алатындықтан, ешқандай әрекет ете алмайды екен.

«Көзімді байлап қойды, іш киімімді ғана қалдырып шешіндірді де бір ғимаратқа кіргізді. Кіргеннен бастап соққының астына алды. Әр соққының арасында менің криминалды мұнай саудасына көмектеспегенім үшін айыпты екенімді, сол үшін анамның айналысып отырған шаштаразы мен шағын дүкенін соларға беру керектігімізді айтты. Мен бас тарттым. Сол кезде жігіттер мені көтеріп алып, бетон еденге бар күштерімен санап тұрып 10 рет лақтырды», - дейді Нұрлан.

Кейін айтқандарына көнбеген Нұрланды олар суға ағызып жібермек болады. Осы кезде Тұрманов Айдосқа үйіндегілерге кетерінде «Айдосқа барамын» деп кеткенін, өзін өлтірсе, бәрібір Айдостың әшкере болатынын айтады. Кейін баскесерлер Нұрланнан ақша бопсалап, болмаса отбасына зардаптарын тигізетінін айтқан.

«Мен олардан босағаннан кейін отбасым үшін алаңдадым. Оларға бір тиын да бермедім. Алайда денсаулығымды бердім. Кейін олар 2017 жылы жүргізілген спецоперациядан кейін маған қоқан-лоқы көрсетулерін қойды. Алайда Аппақ Сәбитті ұстап, қамауға алып кетсе де, сыбайластары оны өтірік тексеріп, босатып жібереді. Өйткені, құзырлы органдардың барлығына ақша береді екен. Аппақ Сәбиттің үстінен арызданғанда, сол кездегі УБОП басшысы Искаков Ермек қызметкерлеріне Аппақ Сәбитті, Телеуов Нурланды, Иманкулов Нурболатты ұстап әкелуін тапсырды. Искаов Ермек олармен оңаша 3 сағат сөйлесіп жібере салды. Маған «қылмыс жоқ, олар таза» деген кезде кездестіруін талап еткен едім.  Сол кезде Аппақ Сәбит УБОП басшысының кабинетінде көзінше «мен бұларға ай сайын отметка беріп отырмын. Бұлар менің беріп отырған отметкама үй салып, джип мініп жүр»  деген сөзіне сол кездегі УБОП басшысы сөйлей алмай қалған. Ал Республикалық арнайы спецоперация кезінде осы Аппақ Сәбиттің ауласына көмілген пластмасса бөшкеден сол кездегі доллар курсы 123 тенге болатын 600 000 000 (алты жүз миллион тенге) бірнеше мың доллар мен бірнеше мың евро шықты. Яғни, бас аяғы 7 000 000 (жеті миллион)  доллардай болды. Одан кейін ақшамен бірге Аппақ Сәбитті Алматы мен Астанаға алып кетіп, кейін  тек қағаз жүзінде 700 мың долларды ғана көрсеткен. Сонда Аппақ Сәбиттің қалған ақшасын алып, өзіне тек болмашы срок әперіп отырған қай генерал?», деп күйінді Нұрлан.

Нұрлан арыз жазса, оны психологиялық ақауы бар деген тіркеуде тұр деп істі жауып тастаған. Алайда ешқандай тіркеуде болған да емеспін деген Нұрлан күйінішін білдіреді. Тіпті, оны дәлелдеу үшін анықтамасы да бар.



«Аппақ Сәбиттің бандиттері итше талап итше қинауының зардабын қазіргі кезде тартудамын. Бел омыртқамның бірнешеуін сындырды. Ал мен сияқты  қанша адамды алдап, ұрлап әкетіп сындырып немесе жоқ қып жатқанын өзі ғана біледі. Мен оларға ешқандай ақша бермедім,  оларға денсаулғымды бердім. Сол үшін жауап берулері керек. Қызылорда облысындағы былықтар ашылып, ауыз жаласып отырғандар жазасын алу қажет!», - дейді Нұрлан.

Нұрлан бірнеше жерге арызданып, Президентке хат жолдағаннан кейін олар қорқытуын, бопсалауын доғарыпты. Алайда Аппақ Сәбитпен сыбайлас Қызылорда облысының Жол потрульдік командирі Нарманов Мақсат былтыр маңдайына Макаров қаруын тақап, ақша бопсалаған көрінеді.




«Жол патрульдік полициясының командирі Нарманов Мақсат та олармен сыбайлас. Былтыр Нарманов мен КНБ-ның іс-шарасына барып келе жатқанымда, мені тоқтатып, бір машинамен бес адам келіп, меннен 5 миллион ақша бопсалап, маңдайыма Макаров пистолетін тақады. Оның ағасы өзбек азаматын заңсыз ұстап отыр. Өзбек азаматы қашуға талпынса, өлтіремін деп қорқытады. Оның үстіне қылмыстық топты басқарады. М.Нарманов  жалған жауап беріп, өзінің офицерлік антына адал еместігіне және  ұйымдасқан қарулы топ ұстауы, сонымен қатар, шетел азамматының ағасының қолында құлдықта жүруі, қызметін асыра пайдалануы оның органда жұмыс істеуіне жол жоқ екенін білдіртеді. Сондықтан оған ескерту берумен емес, жұмыстан босату керек.  Осындай қарулы топ ұстап отырғандарды заң аясында жазалауыңызды сұраймын. Осы топтын жасаған әрекеттерін көре тұра жалған жауап берген кісілердің бәріне заң аясында шара қолдануыңызды талап етемін.   Әлде Жаңа Қазақстанға осындаи өтірік аитып өтірік сөилеитін офицерлер керек па?» , деп Нұрлан Тоқаевқа үндеу жолдады.



«Мен бірнеше рет арыздансам да, «сіздің арызыңыз дәлелденбейді» дейді. Ол қалай дәлелденбейді? Сонда Қызылорда облысының құзырлы органдарының барлығы сатыла ма? Қызылорданың барлығы былық па? Кезінде қылмыспен, яғни мұнай ұрлығыммен айналысқан  Рахматтулаев Елмұрат күні кешеге дейін Қызылорда қаласының әкімінің орынбасары боп отырды. Сонда бұлардың барлығын кім тексермек?», деп қынжылды Нұрлан.

Қаншама арыз жазып, талай есікті тоздырған Нұрлан Тұрмановтың әрекеті осы күнге дейін нәтижесіз. Тіпті Елбасына 6 мәрте үндеу жолдап, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне талай хат жазғанымен іс жабылған күйі қалды. Мұны кім қадағалайды? Өз отбасын, өз құқығын қорғамақ болған, әрі әділдік іздеген Нұрлан Тұрманов арызының қаралғанын талап етіп, редакциямызға хабарласқан еді. Осыны ескерген біз де Президентке, ҚР ҰҚК-не, ҚР Жоғарғы соты мен Бас прокуратурасына жауап беруін сұраймыз!