Бурабайға бара жатқан туристік автобус жол апатына ұшырады
Ақмола облысында Астанадан Бурабайға бағыт алған жолаушылар автобусы жол-көлік оқиғасына ұшырап, соның салдарынан 11 адам жарақат алған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты Щучинск – Бурабай тасжолында болған.
Алдын ала деректер бойынша, демалушыларды курорттық аймаққа алып бара жатқан Volvo маркалы автобус қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Changan жеңіл көлігімен соқтығысқан. Соққыдан кейін автобус жол жиегіне шығып кетіп, ағашқа соғылған.
Апат салдарынан жалпы саны 11 адам зардап шекті. Оның тоғызы автобустың жолаушылары болса, екеуі Changan автокөлігінде отырған.
Дәрігерлердің айтуынша, жеті адам медициналық тексеруден өтіп, олардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланған. Зардап шеккендерді ауруханаға жатқызу қажеттілігі туындамаған, олар амбулаториялық ем алуға жіберілген. Қалған азаматтардың жағдайы қалыпты.
Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасы бойынша тексеру жүргізіліп, апаттың барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Сонымен қатар полиция қоғамдық көлік жүргізушілерін жылдамдық режимін сақтауға, жолда мұқият болуға және жол қозғалысы ережелерін қатаң ұстануға шақырды.
Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері Ақмола облысында жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 300-ден астам автобус жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.







