Атырау облысында оқушыны мектеп дәретханасында аяусыз соққыға жыққан

237

Атырауда №36 мектептің 11-сынып оқушылары мектеп дәретханасында 10-сынып оқушысын соққыға жыққан. Мектепте зардап шеккен жеткіншекке көмек көрсетілмеген, себебі жарақаттары тым ауыр болған, - деп хабарлайды  Opennews.kz ақпарат агенттігі Ақжайық басылымына сілтеме жасап.


"Жәбірленуші 25 сәуір күні сағат 17.00 шамасында облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне түсті. Ол ЛОР бөлімшесіне жатқызылды. Науқасқа шұғыл хирургиялық көмек қажет емес болғандықтан және қазіргі уақытта бізде жақ-бет хирургиясында сәйкес маман болмағандықтан, оны Батыс Қазақстан облыстық ауруханасының мамандарына жолдау керек деген шешім шығарылды.
Оған қойылған диагнозбен науқас 7-10 күн ішінде операцияға жатқызылу керек еді. Алайда бүгін сағат 12-де ата-анасы қолхат бойынша ұлын алып, Оралға ұшақпен алып кетті. Қазір облыстық балалар ауруханасында жақ-бет хирургиясы бойынша маман даярланып жатыр, ол биылдан бастап жұмысқа кірісуі керек", 
– деді облыстық балалар ауруханасының директоры Нұрқабыл Айтмұхамбетов.

Атырау облыстық полиция департаменті бізге бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы
 "Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

"Оқиғаға байланысты қалалық білім бөлімі мектепте түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, директор мен мектеп басшылығына тәртіптік жаза қолданды. Оқушының жағдайы бақылауға алынды", – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Фариза Шәңгереева.

Атырау қаласының прокуроры Аршат Тайтуллиннің айтуынша, жедел-іздестіру шараларымен қылмыскер тарап ретінде 11-сынып оқушысы анықталды. Оқиғаның барлық куәгерлерінен жауап алынды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері, оның ішінде сот-медициналық сараптамалар жүргізілуде.



"Мектеп директоры кәмелетке толмағандар жасаған заңсыз әрекеттер туралы хабарламағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 127-1-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деді Тайтуллин.