БҚО-да жүк көлігі жол апатына ұшырап, екі адам мен 40 жылқы өртеніп кетті
Қайғылы жағдай Самара – Шымкент тас жолының 464-ші шақырымындағы Қаратөбе ауданы аумағында болған. Құтқарушылар оқиға орнынан екі адамның мәйітін тапқан.
Тағы бір адам аудандық ауруханаға жатқызылды. Көліктегі жылқылар түгел жанып кеткен. Қазір жол-көлік оқиғасының себебі анықталып жатыр.
Еске салсақ, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында жантүршігерлік жол апатынан төрт адам көз жұмғанын, қаза тапқандар арасында екі бала барын жазған едік.
Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, жол апаты 15 мамырда, күндізгі сағат бірлер шамасында Өскемен-Алтай тас жолында болған. 37 жастағы VOLVO жүк көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көліктің шұңқырға аударылып кетуіне жол берген делінген полиция хабарламасында.
Аударылу салдарынан жүк көлігі өртеніп кеткен.
Одан бөлек, Шымкентте кәмелетке толмаған бала көлік ұрлап, сол көлікпен бойжеткенді қағып кеткенін жазған болатынбыз. Жол-көлік оқиғасы болған жерден 21 жастағы жәбірленуші ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жеткізілді.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы пациенттің миының 1-2 дәрежедегі контузиясы, кеуде қуысының жабық жарақаты, жамбас сүйектерінің сынуы және үшінші дәрежелі травматикалық шок болғанын хабарлады.