Жалағашта жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құрады

242
Жалағашта жалпы саны 35 374 халық бар. Оның 14 мыңнан астамы экономикалық тұрғыда белсенді азаматтар, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Бүгінде ауданда жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында - 1383 жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін екі мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу межеленген. Жалпы Жалағашта жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құрап отыр. 


"1530 адам жұмыспен қамту орталығына тіркелді. Олардың 89,8 пайызы мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар осы жылы 291 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Осы ретте айта кету керек, бағдарламаға тіркелген 857 отбасына зерттеу жүргізіліп, мемлекеттік атаулы көмек алушы отбасылар саны 13-ке азайды", - деді аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы.

Биыл Жалағаш ауданында 35 мыңнан астам гектар жерге егін егілді. Ал басты дақыл күріштің көлемі – 18 501 гектарды құрады. Сондай-ақ, ауданның егіс алқабында алғаш рет 73 гектарға қант құмайы мен 2,5 гектарға қант қызылшасы егілді. Бұл ауданда егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығы да тұрақты дамуда. Әсіресе төрт-түлік санында айтарлықтай өсім қалыптасқан.


"Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудан тұрғындарын егіншілікпен айналысуына жағдай жасау мақсатында ауданымызда 250 гектар жер дайындалып, 802 отбасыға бөлініп берілді. Шаруа қожалықтарын жаңа техникалармен қамтамасыз ету үшін 25 дана жаңа құрылғы сатып алында.Ал мал шаруашылығында біршама өсім байқалады. Атап айтсақ, мүйізді ірі қара – 4,1 пайызға, жылқы – 33,9 пайызға, түйе – 2,5 пайызға көбейді. Осы ретте ет өнімі – 0,7 пайызға, ал сүт өнімі – 1,3 пайызға артты. Алдағы уақытта ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арналған тиісті жұмыстар жалғасатын болады", - деді Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов.

Жалағаш ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденциялар қалыптасуда. Мәселен, биыл ауданда өнеркәсіп өнімінің көлемі – 84,4 пайыз, ал өңдеу өнеркәсібі – 72,3 пайызға артты. Жалағашта шағын және орта кәсіпкерлік саласы да қарқын алған. Атап айтсақ, кәсіпкерлік нысандарының саны – 2571 бірлікті құрап, оның 92,5 пайызы жұмыс істеуде. Сондай-ақ, 2018 жылдан бері жұмысы тұралап қаған «Мия тамырын өңдеу» зауытының жұмысы биыл жанданбақ. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов ауданда атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады.


"Бүгінде Жалағаш ауданында мемлекеттік бағдарламалар аясында ауқымды шаралар жүзеге асып келеді. Бұл жұмыстардың барлығы әлеуметтік саланы дамытуға, шағын және орта кәсіпкерлік саласын ілгерлетуге және аудан экономикасын арттыруға бағытталған. Биыл нақтыланған аудан бюджеті – 13,6 млрд теңгені құрап, есепті кезеңде бюджет түсімі 101,2 пайызға орындалды. Сонымен қатар жыл басынан бері 290 кәсіпкерлік нысаны өз жұмысын бастады. Ал мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында ауданда 168 жаңа жұмыс орны ашылып, аудан тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылуда. Осы бағытта қыркүйек айында «Мия тамырын өңдеу» зауытын іске қоспақшымыз. Аталған зауытта 190 жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда. Бұл өндіріс толық автоматтандырылған технологиялармен жасақталатын болады", - деді аудан әкімі Асқарбек Есжанов.

Баспасөз конференция барысында аудан әкімі әлеуметтік нысандардың құрылысын тілге тиек етті. Айтуынша, биыл 3 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін бұл нысандардың құрылыс жұмыстары толық аяқталып, халық игілігіне берілмек.


"Аудан бюджет есебінен 1 спорттық және 1 мәдениет нысанының күрделі жөндеу жұмыстары және 2 елді мекеннің ауылдық клуб құрылысына жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Бұл жобалар «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында қаржыландырылатын болады", - деді Асқарбек Темірбекұлы.