Қызылордада "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы" жүзеге асып келуде
Қызылордада "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы" жүзеге асып келуде, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бағдарламаның екінші бағыты «Жаңа бизнес – идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру» қарастырылды. Жоба аясында 2021 жылы бизнес идея гранттарына 1082 азаматқа мемлекеттік грант берілді.
ҚР Үкіметінің 12.10.2021 жылғы №728 қаулысы бойынша «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» бекітіліп, жаңа бизнес-идеяларға берілетін гранттардың талаптарына өзгерістер енгізілді.
Бұрын гранттар өз кәсібін ашқысы келетін және кәсіпкерлік негіздері курстарын бітірген барлық жұмыссыздарға берілсе, биылдан бастап тек 29 жасқа дейінгі жастарға, атаулы көмек алатын аз қамтылған отбасы мүшелеріне, көп балалы отбасыларға, қандастарға, мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдарға және мүгедектігі бар тұлғаларға беріледі.
Грант алудың міндетті шарттарына:
1) «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуды аяқтау туралы сертификаттың болуы;
2) кемінде бір жыл тұрғылықты жері бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеу туралы мәліметтердің болуы;
Гранттар тек бір рет ғана беріледі.
Грант мөлшері 200-ден 400 АЕК-ке дейін ұлғайды (1 225 200 теңге ).
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.
Халықты жұмыспен қамту орталықтары Шарт жасалған күннен бастап 12 ай ішінде қаражаттың мақсатты пайдаланылуына мониторинг жасайды.
Мәселен, өткен жылы Қызылорда қаласының жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен сот органдарында мемлекеттік грантты мақсатты пайдаланбау деректері бойынша 95 азаматтық іс қаралды.
Мемлекеттік бағдарлама негізінде бөлінген қаражатты Республикалық бюджетке өндіру туралы талап арыздардың 85-і қанағаттандырылса, 7-і қанағаттандырудан бас тартылды, 3 азаматтық іс сотта қаралу үстінде.
Қанағаттандырылған шешімдердің 80-і мемлекеттік грантты мақсатсыз пайдалану дерегі болса (бас тартылғаны - 4), мемлекеттік грантты қайталап алу – 3 (2 бас тартылған), дара кәсіпкерлігінің ашылу мерзімі өтіп кеткен заңбұзушылықтар бойынша – 1 (2 бас тартылған).
Қазіргі уақытта сот шешімдерін орындау мақсатында сот орындаушылармен тиісті жұмыстар атқарылуда.
Грантқа өтінімдер «Электрондық еңбек нарығы» Мемлекеттік ақпараттық жүйесіндегі Business.Enbek кәсіпкерлік бастамаларды қолдаудың бірыңғай онлайн терезесі арқылы қабылданады.