АЙМАҚ БАСШЫСЫ: ҚАЗАЛЫДА КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ҚАРҚЫНЫН ӘЛІ ДЕ КҮШЕЙТУ КЕРЕК
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев солтүстік аудандардың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін талдауға арналған арнайы жиында Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевтың есебін тыңдады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Өткен жылмен салыстырғанда ауданда макроэкономикалық көрсеткіш біршама төмендеген. Рейтингте Қазалы 7 орынды алып, төмен даму динамикасын көрсетті. Айталық, ет өндіру 23,9 пайызға, балық өңдеу 19,9 пайызға, құрылыс конструкциялары 22,4 пайызға төмендеген.
Облыс әкімі ауданда салынған тұрғын үйлерді сату жұмыстары баяу жүргізілгенін айтып, сала басшыларын сынға алды. Айталық, пәтер сатудан түсетін түсім бойынша 382,1 млн. теңге жоспарланып, бүгінгі күнге бірде бір үй сатылмаған.
Аймақ басшысы аудан әкімі тарапынан жергілікті өндіріске тиісті талдау жасалмағандықтан, корпоративтік табыс салығы өткен жылмен салыстырғанда 22,8%-ға азайғанын жеткізді.
Ауданда жаңа жұмыс орындарын көбейту керек. Бүгінде жоспарланған 2956 жаңа жұмыс орынның 1470-і немесе 49,7% орындалған. Нұрлыбек Нәлібаев бұл бағытта ілгерілеу барын жеткізді. Әйтсе де, тұрақты жұмыс орындарын көбейту қажет.
Қазалы кәсіпкерлік саласында қарқынды әлеуетке ие аудан. Сауда-саттық дамыған өңір болғанымен, соңғы кездері шағын және бизнес саласында көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Мәселен, жыл басынан бері кәсіпкерлер саны 135 бірлікке немесе 2,5 пайызға азайған.
Неліктен осы азаматтарды ресми тіркеп, кәсіпкерлікке тартпайсыздар? Бұл ауылдарда халықтың бірінші қажеттілігін өтейтін қарапайым монша, шаштараз қызметтері, наубайхана, тігін цехтары жолға қойылмаған", - деді Н.Нәлібаев.
Өндірістік бағытта да жобалардың бәсеңдеуі байқалады. Индустрияландыру бағдарламасының үш бесжылдығы аясында Картаға тек 4 жоба енгізілген, оның 2-уі іске қосылған, қалған екеуі жүзеге асырылуда.
Табыс көрсеткішін еселеуде аудан бойынша 6 шет мемлекетке 2421 тонна күріш, 3 шетелге 557 тонна балық өнімі мен 561,5 тонна қамыс экспортталған. Дегенмен, азық-түлік бағаларын тұрақты ұстауда ауданның өзі өндіретін өнімдер бағасының қымбаттау фактілері де жоқ емес. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазалы ауданындағы тұрғылықты халықтың санына сәйкес өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар бақша өнімдерімен қамтылуы үшін қосымша 450 гектар егістік жер дайындалуы тиіс. Әйтсе де, бүгінгі күнге тек 114 гектар жер дайындалып, 581 отбасына табысталған.
Жиында инвестиция тарту мәселесі де шет қалмады. Өзге аудандар секілді Қазалыдада меже өз деңгейінде емес. Жыл қорытындысымен облыс оң нәтижеге қол жеткізу үшін Қазалы ауданына 16,5 млрд. теңге инвестиция тартылуы қажет. Бүгінгі күнге 5,7 млрд. теңге инвестиция тартылған. Бұл небәрі жоспардың 34,5 пайызын құрайды.
Арнайы отырыста ауданның кадрлық әлеуеті де сөз болды. Облыс әкімі бір орында 10-15 жылдан бері табан аудармастан қызмет атқаратын басшылардың жұмысына талдау жүргізу қажет деді. Сондай-ақ, қылмыстылық деңгейін түсіру, алаяқтылыққа жол бермеу үшін идеологиялық жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Айта кетейік, 9 ай қорытындысымен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері қайта қаралып, салалар бойынша кемшілік жіберген басшылардың қызметтік жұмысына талдау жүргізіледі.