Сыр өңірінде үздік тауарөндірушілері марапатталды
205
Қызылордада үздік тауарөндірушілері марапатталды, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Бүгін Қызылордада «Қазақстанның үздік тауары» байқауының облыстық кезеңі қорытындыланып, арнайы көрме барысында жеңімпаздар республикалық байқауға жолдама алды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев көрме жұмысымен танысып, өңірдің беткеұстар тауарөндірушілерін марапаттады.Алдымен облыс әкімі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен «Бизнеске арналған үкімет» мекемесінің қызметімен танысып шықты. Мұндағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы инженерлік-инфрақұрылымға техникалық шарттар алып беру, тауардың сыртқы жарнамалау эскизін даярлап беру сияқты кәсіпкерлерге бірінші кезекте керекті қызметтерді ақысыз негізде жасап береді.
Облыс әкімі кәсіпкерлермен тілдесіп, бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін қаперге салды.
Іс-шара аясында жергілікті тауарөндірушілеріміздің балалар жылына орай тіккен киімдерінен дефиле ұйымдастырылды. Жеке кәсіпкер «Айман Абди» қазақи нақыштағы балаларға арналған киім үлгілерін таныстырса, Светлана Цой балаларға арналған кешкі көйлектер топтамасын көрермен назарына ұсынды, ал «Далатекс» ЖШС «Мектеп формасы» топтамасын көрсетті.
Аймақ басшысы мұндай көрме-байқау жергілікті өндірушілерге қолдау көрсету, олардың өндіретін тауарлары мен көрсететін қызметтердің сапасын арттыруға ынталандыру екенін атап өтіп, жеңімпаздарды марапаттады.
"Құрметті шараға қатысушылар! Жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің бизнес өкілдерімен жүздесіп, «Егер бизнес адал жұмыс істеуге дайын әрі креативті, заманға сай сұранысқа ие болса, оны қолдау қажет» - деп, қоғам талабына сай еңбек етіп жүрген кәсіпкерлерді мемлекет әрқашан қолдайтынын жеткізді.Сіздер аймақ экономикасының дамуына, тұрғындардың әл-ауқатының артып, тұрмысының жақсаруына сүбелі үлес қосып келесіздер. Алдағы уақытта да облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға аянбай еңбек етіп, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға баршаңызды қатысуға шақырамыз", - деді Н.Нәлібаев.
Сонымен бірге, көрме-байқауда демеушілік көрсету жөнінде бастама көтерген 9 кәсіпкер арнайы сыйлыққа ие болды.Айта кетейік, күні кеше «Атамекен» палатасы жанындағы өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы лауазымына танымал кәсіпкер Ерлан Раимов тағайындалды.