Алматыда 25-қабаттан секіріп кеткен қыз қатерлі ісікпен ауырған
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, қыз балконнан бірден секіріп кетпеген, деп хабарлайды Экспресс К КТК арнасына сілтеме жасап.
Өткен түні Алматыдағы көп қабатты ғимараттардың бірінде 26 жастағы қыз 25-қабаттан секіріп өлді. Қайғылы оқиғаға куә болғандар көп. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, марқұмның сөмкесінен онкологиялық ауруға шалдыққанын айғақтайтын анықтама табылған.
Куәгерлер қыздың мұндай әрекетке баруға батылы жетпей, шарасыз күйде біраз тұрғанын айтады. Ондағы адамдар қызды көндіруге тырысқанымен, қолдарынан келмеді. Ол бір-ақ сәтте өмірімен қош айтысты. Күзетшінің айтуынша, 26 жастағы қыз пәтерді бір түнге жалға алған көрінеді. Кейін оның сөмкесінен жеке куәлігі мен онкологиялық ауру туралы анықтама табылды.
Жас қыздың суицидке баруына не себеп болғаны әзірге белгісіз. Қылмыстық іс ҚК-тің 105-бабы 3-бөлігіне (Өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу) сәйкес тергеліп жатыр.
Көршілер көп қабатты үйде қайғылы жағдайлардың жиі болатынын айтады. Сөздеріне сенсек, оған себеп — мұндағы көптеген пәтерлердің жалға берілуі.