Халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында кімдердің табысы ұлғаяды?

424
Павлодарда Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен 2025 жылға дейін халық табысын арттыру бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жиналыс өтті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Жиынға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, даму институттарының, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың, шағын және орта бизнес өкілдері қатысты.
Кешенді жоспар шеңберінде Павлодар облысында мектеп оқушы­ларын кәсіби бағдарлау экожүйесі құрылды. «Жаңа мамандықтар атласы» мектеп түлектеріне еңбек нарығында заманға сәйкес қабілеттерді игеруге мүмкіндік береді. Аталған жоба білім алушыларға өмірде өз орнын табуға бағытталған. Осылайша, өткен оқу жылында 20 мың жоғарғы сынып оқушысы кәсіби диагностикадан өтті.
«Бағдарлама, ең алдымен, халық­тың табысын арттыруға және нәтижелі жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған. Жалпы алғанда, өңдеу өнеркәсібінде 126 мың жаңа жұмыс орны құрылатын 713 жоба жүзеге асы­рылады. 50 ірі кәсіпорынның жаны­нан шағын және орта бизнес белдеулері құрылады. Бұл кәсіпкерлік субъектілерінің табысын арттыруға, тауар­ларды кепілді түрде сатуға, өнім­ділікті арттыруға мүмкіндік береді», деді Е.Тоғжанов.

Вице-премьер бағдарламада жас­тардың құзыреттілігін дамыту, олар­дың жұмыспен қамтылуын арттыру, жұмыс істейтін халықтың, оның ішінде, тұрғындардың әлеуметтік осал топ­тарының дағдыларын дамыту мәсе­ле­леріне ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
«Жаңа оқу жылында өңір мектеп­терінде кәсіби бағыттаушы педагог штаттық бірлігі енгізіледі, колледж­дер мен Өзекті мамандықтар орталы­ғының, оның ішінде жастар өкіл­дерінің жұмысы күшейтіледі. 15 колледжде 15 жаңа мамандық пен 25 жаңартылған бағдарлама бойынша оқыту енгізіледі», - деді облыстық білім беру басқармасының басшысы С.Айтқазина.

Жалпы алғанда, білім берудің үз­дік­сіз моделі болашақ мамандарға өз кә­сібін дұрыс таңдауға мүмкіндік бе­реді.
Е.Тоғжанов «Жаңа мамандықтар атласы» түлектер мен жұмыс беру­шілер үшін басты бағдар болатынын атап өтті. Өңірде жүзеге асырылып жат­қан қанатқақты жоба еліміздің басқа облыстары үшін сәтті мысал болуы керек.
Қазіргі кезде өңірде «бір терезе қағидаты» бойынша жұмыс істейтін және 5 мыңға жуық адамды, оның ішінде NEET жастарын қамтитын 14 Өзекті мамандықтар орталығы қыз­мет етеді. Осы санаттағы 2,5 мыңға жуық жас өңірдегі ірі өнеркәсіптік кә­сіп­­орындарда тағылымдамадан өтеді.
«Сонымен қатар өңірде Мобильді жұмыспен қамту орталықтары құ­рылды. Шалғай ауылдарға 237 шығу сапары ұйымдастырылып, 9 мың адам кеңестермен қамтылды. Жыл басынан бері облыста 10 мың жұмыс орны құрылса, олардың жартысынан көбі – 54%-ы тұрақты. Жұмыспен қам­ту орталықтарының жұмысы HR-агенттіктерге сәйкестендіріліп қайта құрылды», - деп атап өтті Павло­дар облысы әкімінің орынбасары А.Құр­манова.

Жалпы алғанда, 2022 жылы елі­мізде 165 инвестициялық жобаны іске асыру есебінен 16,3 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Ең бас­ты өсім Қарағанды, Шы­ғыс Қазақстан және Павлодар облыс­тарында болады деп күтілуде.
Жыл басында Павлодар облысына жұмыс сапарының қорытындысы бо­йынша Премьер-Министрдің орынбасары Е.Тоғжанов қиын өмірлік жағдайға тап болған отабсыларға кешенді қолдау көрсетуді қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар берген болатын. Қазіргі кезде облыс әкім­дігіндегі Жағдаяттық орталықта отба­сының әлеуметтік статусы туралы деректерді қанатқақты режімде нақ­ты көруге болады. Жобаны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігі жүзеге асырып, еліміздің бар­лық өңірінде апробациядан өткізеді. Павлодар облысы – жобаны про­активті форматта жүзеге асыру дең­гейі жоғары өңірлердің бірі. Жұма күні Үкіметтің цифр­лық кеңсе­сінің базасында Отба­сы­ның цифр­лық картасы іске қосы­лады.
Жиналыс қорытындысы бойынша Е.Тоғжанов бірқатар тапсырма берді. Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, «Жаңа мамандықтар атласын» енгізуді жалғастыруы керек. Вице-премьер бағдарламаны жүзеге асыру тұрақты бақылауда екенін атап өтті.