ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ АРАЛ АУДАНЫНДА БОЛДЫ

276

Фото: Қызылорда облыс әкімдігіБүгін облыс әкімінің орынбасары Н. Сақтағанов ауданда жұмыс сапарымен болып, өңірдегі әлеуметтік нысандарды аралады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.


Нұрымбет Аманұлы алдымен қалада орналасқан «А. Байтұрсынов» ауылдық емханасына барып, ондағы жұмыс барысымен танысты. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін емдеу мекемесінің 140 маманы 15 360 тұрғынға қызмет етеді. Емхананың 3 қабатында 2 егу бөлмесі, 2 егуге дейінгі зал, 2 егуден кейінгі зал және 2 дәрігер бөлмесі орналасқан. Облыс әкімінің орынбасары тұрғындар игілігі үшін оңалту орталығын ашуды қолға алып, алдағы уақытта ауыл халқына сапалы медициналық қызмет көрсетіп, ана мен бала денсаулығына ерекше назар аударуды тапсырды.


Одан соң апатты жағдайдағы «Жазира» балабақшасы мен № 1 қалалық кітапхана ғимараттарының жағдайын көрді. Аталған нысандардың ішінде облыс әкімінің орынбасарына аудандағы 5 балабақша мен 4 кітапхана ғимаратына апатты жағдайда деген қорытынды берілгені және осыған сәйкес жасалып жатқан жұмыстардың барысы түсіндірілді. Апатты деп танылған балабақшаның үшеуі Арал қаласында орналасқан. Жаңа ғимарат салу үшін жауапты басқармаларға қаржы бөлінуі үшін, өтінім берілген.

 Сондай-ақ, кітапхана мәселесі бойынша да №1 кітапхана ғимаратын салу үшін жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, тиісті басқармаларға тапсырылған. Алдағы уақытта қаржы бөлінген соң, құрылыс жұмыстары басталып екі кітапхана ғимараты осы нысанға біріктіріледі де жоспарлануда. 


Сонымен қоса, № 19 Арал аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде болып, атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. Аталған нысанда бүгінде 23 жаттықтырушы (оның ішінде І санатты 7 жаттықтырушы, ІІ санатты 5 жаттықтырушы) 14  спорт түрінен дәріс береді.  Кешенде 92 топта 1196 бала әр түрлі секцияларға қатысып, спортпен шұғылданады. 


Мұнан соң сапар қаладағы жаңадан бой көтерген № 71 мектеп-интернатының ғимаратында жалғасты. Бас мердігер «SCS Инжиниринг» ЖШС құрылыс жұмыстарын 2021 жылы сәуір айында бастаған болатын. Нұрымбет Аманұлы 100 орындық интернатымен қоса жаңадан салынған 200 орындық мектеп ғимаратының ішін аралап, алдағы жаңа оқу жылына дайындықты күшейтіп, балаларды сапалы біліммен қамтамасыз етуге күш салуды міндеттеді. Қазіргі таңда мектептің ішкі жұмыстары аяқталып, оқу процесіне қажетті парта, орындық сынды жиһаздары құрастырылуда. 


Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары Жақсықылыш кентіндегі денешынықтыру және сауықтыру спорт кешенінде болды. Қазіргі күні құрылыс заттарының қымбаттауы нысанның құрылыс жұмыстарына тоқтау салып тұрғаны сөз болып, оның түйінін шешу мәселесі жан-жақты сараланды. Нұрымбет Аманұлы бұл жөнінде жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, нәтижесі өз бақылауында болатынын ескертті.

Облыс әкімі орынбасарының Арал ауданындағы жұмыс сапары Қамыстыбас елді мекеніндегі «Ауыл – Ел бесігі»  жобасы аясында салынып жатқан дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде қорытыланды. 

Қазіргі таңда нысанның ішкі жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс барысын бағамдаған Н. Сақтағанов ғимараттың сапасына ерекше мән беруді тапсырды. Округ әкімі мен жауапты сала басшыларына келешекте бұқаралық спорт түрлерін дамытуға және ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалануға үлкен мүмкіндік туғанын, сол мақсатта аянбай еңбек ету жауапкершілігін жүктеді.