Отбасыға сағыныш

351

Фото; Қызылорда ҚАЖДҚызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде жазасын өтеп, ақылы жұмыс істейтін сотталғандарға жұмыс берушінің тарапынан ҚР Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес ақылы еңбек демалысы беріледі, - деп хабарлайды  Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Ақылы демалысқа өтініш жазған сотталғанның бірі – Марат. Ол сот үкімімен 3 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын осы мекемеде өтеуде. Жазасын өтегеніне бір жылға жуықтаған Маратты мекеменің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімі «Азимут» ЖШС жұмысшы ретінде  жұмысқа орналастырған. Мараттың айтуынша күніне 400-500 дана газоблок өнімін шығарады. Айлығы да жақсы. Артылғанын Атыраудағы отбасына жіберемін дейді.

"Еңбек демалысына шығатынымды естіген балаларым мәз болып қуанып жүр. Отбасыңнан жырақта жүру өте қиын. Алты балам бар. Үлкенім 15 жаста, ал кішкентайым 2 жаста. Балаларымды сағындым, олар да мені тағатсыздана күтіп отыр. Күніне телефон арқылы хабарласқаныммен, бауырыңа басып маңдайынан бір иіскеп, әкелік ақылыңды айту бір бөлек екен. Осында жүріп бостандықтың, отбасымның қадірін түсіндім. Ер адам болған соң өзімді сабырға шақырып, болашағымды балаларыммен елестетемін. Мекеме әкімшілігінен құрылған комиссия өтінішімді мақұлдаса отбасыммен қауышуыма аз қалды»,- деп бөлісті сотталған.


Сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының инспекторы әділет капитаны Бағлан Қалиевтің айтуынша, жазасын өтеушілердің жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына шығуына құқығы бар. Еңбек Кодексінің 92 бабына сәйкес тараптардың келісуі бойынша ақылы еңбек демалысын 1жыл ішінде 2-3 рет бөліп алуына болады. Қазіргі таңда мекемемен келісім-шарт негізінде сотталғандарды жұмыспен қамтып отырған 30-дан жеке кәсіпкерлік субьектілері бар. Мекемеде 100-ден астам сотталған осы жеке кәсіпкерлерде жұмыспен қамтылған. Сотталғандарды жұмыспен қамтудағы басты міндет сот үкімі негізінде мемлекет пайдасына, жеке, заңды тұлға пайдасына келтірілген шығындарын өтеу болып табылады дейді мекеме қызметкері.