Агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы жаңа ереже – ел ырысын арттырудың батыл қадамы.

281

Фото: Облыстық мәслихат депутаты, «Таң LTD» ЖШС төрағасыМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында аграрлық сала бойынша нақты бағыттарды айқындап берді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Біріншіден, азық-түлік тауарларының бағасын белгілеудің және оны бөліп таратудың тиімсіз жүргізілуіне тоқталды.

Азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандырудың бірден бір жолы - әрбір ауданда «Байқоңыр ӘКК» АҚ секілді көтерме тарату орталықтарын ашу қажет екендігін ұсынып келеміз. Мұндай орталықтар арқылы аудандардағы азық-түлік өнімдерін сататын көтерме сауда дүкендерін төменгі бағада азық-түлікпен қамтамасыз етіп, бағаны тұрақтандыруға мүмкіндігіміз бар. Сонымен қатар, шаруашылықтарды қажетті қаржымен қамтамасыз ете отырып, өнімдерін көтерме тарату орталығына өткізу арқылы азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтындаруға өз септігін тигізетіні анық.   
Биылғы жылы Жалағаш ауданының өзінде 3050 гектарға картоп, көкөніс және бақша дақылдары орналастырылды. Бұл дақылдардан алынған өнімдер де өз кезегінде аудан тұрғындарын көкөніс, бақша дақылдарымен қамтамасыз етуге өз септігін тигізеді.
Сонымен қатар азық-түлік тауарларының 5 түрімен облыс тұрғындарын (күріш, нан, жылқы еті, сиыр еті және балық) 100 пайыз толық қамтамасыз ете алсақ, қалған азық-түлік өнімдері сырттан тасымалданып келеді.
Ауыл шаруашылығы саласымен айналысатын құрылымдардың басшыларына өзімізде өндірілетін азық-түлік өнімдерінің түрін, көлемін арттыру бағытында ұсыныстар айтылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Екіншіден, мал шаруашылығы саласын дамыту.
Мал шаруашылығын дамытудағы негізгі мәселе мал азығын уақытылы дайындап, қажетті жем-шөппен қамтамасыз ету.
Қазіргі таңда Жалағаш ауданында 50,4 мың шартты мал басына 73,7 мың тн шөп, 16,3 мың тн құрама жем, 28,4 мың тн сабан дайындау жоспарлануда. Бүгінгі күнге 69,6 тн шөп (94,4%), 8,0 мың тн құрама жем (51,0%) дайындалды. 
Мал шаруашылығының түйткілді мәселелерінің бірі - малды жайылымдық жермен қамтамасыз ету. 
Жеке қосалқы шаруашылықтардағы мал басын тиісті жайылымдық, шабындық жерлермен қамтамасыз ету мақсатында елді мекен аумағындағы барлық жерге түгендеу жұмыстарын жасап, жеке қосалқы шаруашылықтарына жер беруді заңдастыру бағытында жұмыстар жоспарлануда.
Осының нәтижесінде, егін шаруашылығында мал азығындық дақылдар көлемін арттыратын боламыз.
Жайылымдарды тиімді пайдалану мақсатында оларды бақылаудың жаңа әдістері, тиісті мемлекеттік қолдау шаралары барынша пайдаланылатын болады. 
Сондай-ақ, жайылымдарды түбегейлі жақсарту, суландырудың барынша тиімді тәсілдерін қолдана отырып, жаңа жайылымдық жерлерді айналымға тарту  жұмыстары қолға алынуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ветеринария  жүйесі түбегейлі реформаланады. Ветеринария саласын реформалау арқылы ауданда мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндігіміз бар. Мал шаруашылығын дамыта отырып өндірілетін ет өнімдерінің қөлемін арттыра аламыз.
Жаңа технологияларды өндіріске енгізе отырып ауданда өндірілетін азық-түлік өнімдерінің көлемін арттыру бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет басшысы жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшу керектігін тапсырды.
Соңғы жылдары Сырдария өзенінің төменгі ағысында вегетациялық кезеңде күрделі су тапшылығы орын алуда. Су тапшылығы алдағы уақытта да орын алатындығы белгілі. 
Осыған сәйкес, ауданда суармалы жерлерді қалпына келтіру және айналымға қосу ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру жобасының 2-кезеңінің жұмыстары жүргізілуде (жоба құны-9,3 млрд теңге). «ПУИД-2» жобасы аясында ауданда Аққұм, Бұқарбай батыр, Таң және Мәдениет ауылдық округтеріндегі  15 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады. 
Сонымен қатар, су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында біз су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, жемшөп, бақша дақылдары мен көкөніс көлемін белсенді түрде дамытуды жоспарлап отырмыз.
Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген мәселелер біздің қоғамдағы нақты жағдайларды бейнелейді. Халықтың көкейінде жүрген қордаланған мәселелерді шешудің жолдарын, бағыт-бағдарын белгілеп берді. Ендігі мәселе - алдағы уақытта Жолдаудан туындайтын міндеттерді жүзеге асырумыз керек деп есептеймін. 
 
Облыстық мәслихат депутаты, «Таң LTD» ЖШС төрағасы 
Имамзада Шағыртаев