АҚШ-та 8 жыл бойы тұрған қазақ қызы ондағы өмір жайлы айтты

424

Фото: Света ДәуітоваБүгінде елімізде шетелде алған білімін кәдеге жаратып, елдің дамуына үлес қосып жүрген жандар баршылық. Солардың бірі-алматылық Света Дәуітова. Бойжеткен жұмыс бабымен АҚШ-қа қоныс аударып, онда 8 жыл бойы тұрған.

Света жұмыс берушінің шақыртуымен, қалдықсыз өндіріс шығаратын агроөнеркәсіптік кешенді ашу үшін осыдан біраз жыл бұрын АҚШ-қа аттанған. 

"Менің негізгі мамандығым негізінен қаржылық сарапшы. Бірақ АҚШ-тан ауыл шаруашылығы саласына шақырту алып, сонда 8 жыл бойы тұрып, жұмыс істедім. Жалпы АҚШ-та ауыл шаруашылығы саласының ішінде жылыжай, фермерлік шаруашылық жақсы дамыған. Мен онда ауыл шаруашылығы қызметі нарығын сараптайтын маман ретінде бардым. 

Келісімшарт аяқталған соң, оны ұзартуға мүмкіндік болмады. Грин картаны да рәсімдей алмадым. Сөйтіп елге қайттық. Шынын айтқанда, өз еліңде болудың артықшылықтары көп. Қазір жылыжай шаруашылығы саласында жұмыс істеймін. Сосын еліміздің азаматтарына виза рәсімдеу, соған қатысты кеңестер беру, сұхбаттан өтуге
көмектесумен айналысамын", - дейді ол. 

Білікті маман сұхбат барасында АҚШ-тағы өмір жайлы да баяндап, шетелдегі жайлы өмірді аңсайтын отандастарына да кеңесін айтты.

"Мен АҚШ-ты әдемі "фантик" дер едім. Онда адам жақсы өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған. Бірақ жақсы өмір сүру үшін жалпы жан бағу үшін үнемі жұмыс істеу керек және бір адам емес, бүкіл отбасы болып еңбектену қажет. Америкада жұмыссыз күн көру мүмкін емес. Жалпы бәрі АҚШ-та тұруды армандап, ондағы өмірді "керемет" деп ойлайды. Бәлкім солай да шығар, бірақ барлық жерде тек еңбектеңсен ғана аяққа тұра алатыныңды ұмытпау керек", - дейді Света.