Комиссия отырыстары өтті
Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырыстары өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның күн тәртібінде алаяқтық қылмысының, оның ішінде интернет алаяқтық қылмыстардың алдын алу шаралары және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарға жол бермеу, алдын алу мақсатында қабылданған шаралары қаралды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында жас ұрпақтың тәрбиесіне ерекше тоқталды. Өскелең ұрпақ пен жастарға – зиялы қауымның, ақсақал-абыздарымыздың сөзі өтімді. Бала тәрбиесіне тек ата-ана, мұғалім ғана емес, қоғам болып атсалысуымыз керек. Барлық елді мекендегі «Адал адам» орталықтары жұмысын бастады. Осы орталықты ұтымды пайдалануымыз қажет. Қалай десек те, тәрбиенің бастауы – отбасы екенін ұмытпаған абзал. Бала тәрбиесі интернет жетегінде кетпеуі үшін «бала – ұстаз – ата-ана» үштағаны бірлікте, үндестікте жұмыс жасауы қажет. Тәрбие берудің осы үздік тәжірибесін лайықты жалғастыра келе, ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді кеңінен насихаттауға тиіспіз. Бұл ретте, «Аналар академиясы», «Әкелер кеңесі» мен ата-аналар комитетінің жұмысын жандандыруды тапсырамын, – деді Берік Әбідғаппарұлы.
Аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған комиссияның кезекті отырысында кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімімен сыбайлас жемқорлық сипатындағы заң бұзушылықтарды болдырмау және алдын алу бағытында қабылданған шаралар мен аудан бойынша ауыл шаруашылығы және жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерін болдырмау бағытында атқарылған шаралар мәселесі қаралып, тапсырмалар берілді.