"Енді ол жаққа аттап баспаймын": Қаңтардағы митингке қатысқан екі атыраулық босап шықты

384

Фото: Ақжайық-пресс5 қыркүйекте Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Атырауда қаңтардағы митингке қатысушыларға қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау аяқталды. Тергеу изоляторында отырған бес айыпталушының екеуі үйқамаққа шығарылды, деп хабарлайды Ақ жайық басылымы. 

Судья Зарема Хамидуллина адвокаттардың өтінішін қарап, қылмыстық істі прокуратураға қайтаруға негіз жоқ - басты сот талқылауын тағайындауға кедергі келтіретін елеулі бұзушылықтар жоқ деп қаулы етті. Сот адвокаттардың сотталушыларға қатысты қылмыстық қудалауды тоқтату туралы өтінішін де қабылдамай, бұл өтініштің ерте берілгенін түсіндірді.

“Алдын ала сот тыңдауында сотталушылардың кінәсі немесе кінәсіздігі туралы мәселе қаралмайды, өйткені дәлелдер басты сот талқылауында зерттеледі. Сот барлық дәлелдемені зерттеп, істі қарау нәтижесі бойынша шешім шығарады”, - деді Зарема Хамидуллина. Ол екі айыпталушыны СИЗО-дан үйқамаққа шығару шешімін де түсіндірді:

“Олардың тұрақты тұрғылықты жері, отбасы, балалары, асырауында қарт ата-анасы бар және олар процестің барысына кедергі келтіруі немесе соттан жалтаруы мүмкін деуге негіз жоқ”, – деді судья.


Отырыстан кейін олар қалған сотталушылармен амандасты.
“Балам, заттарыңды алу үшін тергеу изоляторына барасың ба?”, - деп сұрады анасы ұлынан.
“Жоқ, мама, бәрін өзіміздің жігіттерге қалдырдым. Ол жаққа енді аттап баспаймын”, - деп жауап берді ол.