Қызылорда қаласындағы денсаулық сақтау мекемелері қызметкерлерін жаппай ақысыз демалысқа шығаруда, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі
Қаламызда орналасқан №6 емхана қызметкерлерінің айтуынша басшылық тарапынан қысым көрсетіліп, жаппай ақысыз демалысқа жіберуде.
«Сізге хабарласудан басқа амалымыз қалмай отыр, тіпті аты-жөнімізді жасырын етуіңізді сұраймын. №6 емханада бірнеше жылдан бері қызмет етеміз. Түрлі жағдайлар, карантин кезеңдерін бастан өткіздік. Енді қалыпты жұмыс режиміне оралдық па дегенде, басшылық тағы да бір "жаңалық" ашты. Емхана бюджетінде қаржы жетіспеуіне байланысты әр қызметкер 1 ай көліміне ақысыз еңбек демалысына кетуге міндетті. Бұл қаншалықты заңды? Бала-шағамызды асырап отырған біздер үшін 1 айлық табыстың орны бөлек. Балаларымызды мектепке дайындап, қаржылық қиындыққа ұшырап отырған біздің жағдайымызды кім ойлайды? Қашанға дейін басшылық білгенін жасайды?»,- дейді қызметкерлер.
«№6 қалалық емханаға қаржы көлемі тіркелген тұрғындар санына байланысты бөлінеді. Бүгінгі таңда емханаға тіркелген тұрғындар санының азаюына байланысты күнделікті жүктеме де төмендеген. Сол себепті жалпы әлеуметтік жағдайларды ескере келе мамандарды қысқартпау үшін уақытша еңбек демалысына жіберу туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда бұл мәселені шешудің оңтайлы шешімдері қарастырылып жатыр»,- деп хабарлады №6 емхана әкімшілігі.
Ең қызығы басқа емханаларда да дәл осы жағдай орын алып жатқанынан хабардар болдық. Атап айтқанда, №3 қалалық емхана қызметкері:
«№3 емханада да дәл осындай жағдай орын алып отыр. Өткен айда анамды мекемеде ақша жоқтығын сылтауратып ақысыз демалысқа еркінен тыс шығарды. Ең сорақысы қаржының жоқтығына байланысты тиісті еңбек демалысына шығармауда. Қызметкерлерден арнайы жаздырып алған өтініштің артына еңбек демалысының ақысы түспесе де еш жерге шағымданбаймын деп жаздырып алуда. Оның үстіне әрбір отбасының несиесі күнделікті қаражатының керектігі бар.Билік басындағылар осы мәселені қараусыз қалдырмауын сұраймын», - дейді Әлия.
Шындығында қашан барсаң тиісті сала дәрігерінің жоқтығын алға тартқан №6 қалалық емхана қызметкерлері басшылық тарапынан қысым көріп отырғандығын да жасырмады.
Біздің аймақта ғана медицина саласындағы қаржының жетіспеушілігі қала аумағында ғана емес аудандарға да жеткен сыңайлы. Себебі, Сырдария ауданында орналасқан емхана қызметкерлері де ақысыз, мәжбүрлі демалысқа жіберілу «науқаны» жүзеге асуда екен.
«Біздің ауданда 1 ай емес, 5 күнге деп ескерткен. Еліміз 2 жыл бойына індетпен күрескенде медицина саласы үздіксіз қызмет етіп, енді ел тыншығанда керек болмағанымыз қиын екен. Қымбатшылық күшейіп, тапқан табысымыз айлығымыздан шайлығымызға ауыспай жатқан шақта не істерімізді білмей отырмыз.»,- дейді Салтанат.
Тиісті сала мамандарына, атап айтқанда Облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарласқан болатынбыз:
«Қалалық емхана басшылары қызметкерлерін ақысыз еңбек демалысына жіберіп жатқандығы жөнінде ақпарат кеше келіп түсті. Қазіргі таңда емханалардан сұрастырып, ақпарат алу үстіндеміз. Бүгінде емханаларымыз қаржыны бізден емес Сақтандыру қорынан алатын болғандықтан тексеру жүргізіледі.»,- дейді Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының қаржы маманы Достанова Мейрамкүл.
Алайда, облыстық денсаулық сақтау басқармасына ескертпестен емхана басшылығы өз тарапынан шешім қабылдауына не түрткі болды? Қызметкерлер жалақысы тұрғын санына байланысты деген емхана әкімшілігі алдағы уақытта қызметкерлерін мәжбүрлі ақысыз еңбек демалысына жіберуі бақылауда болатындығы да аталып өтті.