Елімізде шөп бағасы шарықтап барады
ШҚО Зайсан ауданында бір орама шөп 15 мың теңге. Кей тұрғындар қолма-қол қаржыға да жем-шөп таппай отыр, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Тарбағатай тауының етегін қоныстанған ауылдардың малы кең жазықта қарақорым болып жататын. Биыл ауыл маңындағы жайылымдық жер мүлде көктемей қалған.
Шаруашылық жетекшісі Айбол Лекеровтың айтуынша, бір орама шөптің бағасы 15 мыңға дейін жетеді.
Шілікті округіне қарасты 4 ауылдың түлігі жыл он екі ай негізінен жайылымда. Жер де жеткілікті.
Шілікті ауылдық округінде 128 мың гектар жер болса, оның 5 мың гектары егістік алқап. Биыл ерте көктемнен бері бұл өңірде бір тамшы жауын жаумағындықтан қазір егістіктің де, жайылымның да шаңы шығып жатыр. Биыл қылтанақ та жоқ.
Қуаңшылық кесірінен қазір қолма-қол қаржыға жем-шөп табу қиын. Табылса да бағасы бас бермей тұр.
Тек Шілікті ауылының өзінде ірілі-ұсақты 35 мыңнан астам мал бар. Төрт-түлікті қыстан аман алып шығу Зайсан ауданы әкімдігіне де үлкен сын болғалы тұр.
Биыл шабындықтың түсімі өткен жылдардағыдан 40 пайызға аз. Бұл қуаңшылыққа ұшыраған ауылдар үшін жығылғанға жұдырық болып тұр. Аудандағы 250 мың бас малды қыстан аман алып шығу үшін 165 мың тонна шөп, 3 мың тонна жем қажет. Бүгінге дейін оның жартысы ғана дайындалған. Ал қыс болса, қыр астында.