Қызылорда әкімдігі шулы видеоға жауап берді
Әлеуметтік желіде адамдарды базарға кіргізбей, кейінірек, тіпті, есіктерді жауып жатқан әйелдің видеосы тарады. Көпшілік аталған бейнеролик Қызылордада түсірілген деп болжауда. Бұл жайтқа қатысты қалалық әкімдік пікір білдірді.
"Қызылордада базарға келушілерді бақылаудың инновациялық жүйесін ойлап тауыпты. Ол Ashyq Apa деп аталады", - деп жазылған видеоның астында.
Кадрлардан кіреберісте орындықта отырған әйел мен базарға келушілер байқалады.
"Не болып жатыр, түсіне алар емеспін. Неге өткізбейсіздер?", - дейді ондағы келіншектердің бірі.
"Вакцинасыз кіргізбейді. Екпе алыңыз",- дейді оған бірі.
Бұл жайт қазақстандықтардың көңіл-күйін көтерді. Желідегі видео астында әзіл-қалжыңға толы жүздеген пікір жиналды.
"Қызылордаша фейс-бақылау", "Базардың патшайымы", "Апа, жарайсыз, әйтпесе екпе алуға ешкім бармайды, мемлекет үшін барлық жұмысты істеп отыр", деп жазды олар.
Бұл жайтқа қатысты Қызылорда әкімдігі жауап берді. Ведомство базарға вакцина алмаған азаматтарды кіргізбеу жайлы болжамдар шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Дәл сол күні базарда екпе салынған екен.
"Қазіргі уақытта екпе салу үшін қалалық емханалар жанынан жылжымалы топтар құрылды. Мұндай мобильді топтардың бірі "Қорқыт ата" сауда орталығында вакцинация жүргізді. Вакцина салу-салмау әркімнің өз еркіне байланысты. Санитарлық талаптардың барлығы сақталды", - деді қала әкімдігінде.
Одан бөлек, ведомство вакцина алмас бұрын дәрігерден тексерістен өту қажеттігін еске салды.
"Қазіргі уақытта еркін саудаға барлық мүмкіндік бар",- деді жергілікті билік.